Техника паркі жаңарып, өнімділік артуда

0 6

Соңғы жылдары Жамбыл облысында ауылшаруашылығы саласына елеулі көңіл бөлініп келеді. Соның ішінде елімізде аграрлық сектордың тиімділігін арттыру жолында машина-трактор паркін жаңғырту жұмыстарын барынша қолға алуда. Ауылшаруашылығы министрлігі осы саланың әлеуетін арттыру мақсатында техниканы жаңарту және өндіріс процесіне заманауи технологияларды енгізуге бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын кезең-кезеңімен кеңейтіп, ауылшаруашылығы өнімділігін арттыруды көздеп отыр, деп хабаралайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының егін шаруашылығы, мемлекеттік астық, тұқым және техникалық инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Балаби Сабырдың айтуынша, өткен жылы облыста ауылшаруашылығы дақылдарынан 3,3 миллион тонна өнім жиналған. Бүгінгі күні егіс алқаптарынан жиналған өнімнің 451,6 мың тоннасы қоймаларда сақталуда. Оның ішінде 436,9 мың тонна пияз, 1,8 мың тонна картоп, 540 тона сәбіз, 12,1 мың тонна басқа да өнім түрлері бар. Жиналған өнімнің 888,7 мың тоннасы Ресей, Қырғыз, Пәкістан, Өзбекстан, Әзірбайжан мемлекеттеріне экспортталған. Оның ішінде 410 мың тонна пияз бар. Осынша өнімнің жиналуына соңғы жылдары техника паркінің жаңаруы да оң септігін тигізіп отырғаны анық.

Өткен жылы салаға 29,2 миллиард теңге қарастырылып, оның 29,1 миллиард теңгесі (99,9 пайызға игерілді) облыстағы 5 мыңнан астам шаруаға субсидия ретінде төленіп берілген. Нәтижесінде өткен жылдың он бір айында 458,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,1 пайыз өсім көрсеткен. Ал, негізгі капиталға 35,3 миллиард теңге инвестиция тартылған.

Өткен жылы ауылшаруашылығы өнімін жинау барысында ауылшаруашылық техникасының тиімділігінің артқанын байқау қиын болған жоқ. Өйткені, шаруалардың күшімен былтыр облыста 762 ауылшаруашылығы техникасы сатып алынған. Оның 348-і трактор, комбайн болса, 414-і ауылшаруашылығы тіркемелері. Жалпы, бұл бағытта негізгі құралдың бірі инвестициялық субсидиялау. Онда басымдыққа байланысты 15 пайыздан 30 пайызға дейін сатып алынған техника құнының бір бөлігін өтеу көзделген. Қосымша мемлекет кредит пен лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемені басым техника бойынша 6 пайызға дейін, басқа түрлері бойынша 15 пайызға дейін субсидиялайды. Сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5 пайыз, лизинг мерзімі 7 жылға межеленген жеңілдетілген лизинг бағдарламасы жалғасуда. Бұл бағытта республика бойынша 2025 жылға 250 миллиард теңге бөлінген. Аталған шаралардың нәтижесінде машина-трактор паркін жаңарту қарқынды өсіп, елімізде көрсеткіш 6,5 пайызға жеткен.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ деректері бойынша былтыр ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер 228,5 миллиард теңгеге 10,5 мың техника сатып алған, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 37 пайызға артық. Әсіресе, өздігінен жүретін техникаларға сұраныс артып, 4729 (+66 пайыз 2023 жылмен салыстырғанда) трактор, 924 (+80 пайыз) комбайн алынған. 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 255 миллиард теңгеге 10100 техника лизингке берілген, бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 10 пайызға жоғары. Жалпы, 2025 жылы қазақстандық шаруашылықтар 25 мың ауылшаруашылығы техникасын сатып алған, бұл сұраныстың тұрақты өсімін және мемлекеттік қолдаудың тиімділігін көрсетеді. Мемлекеттік ынталандыру бағдарламалары отандық ауылшаруашылығы машина жасау саласына мультипликативтік әсер беріп отыр.

Қарап отырсақ, республикада өздігінен жүретін техника өндіретін 10 зауыт бар екен. Трактор, комбайн, бүріккіш және басқа да техника түрлерінің өндірісі жолға қойылған. Қазақстан сонымен қатар әлемдегі жетекші брендтер – «John Deere» және «CLAAS» техникасын құрастыру алаңына айналды. Нәтижесінде отандық өндірушілер тракторлар мен комбайндар бойынша ішкі нарықтың 90 пайыз қажеттілігін қамтамасыз етіп, саланың технологиялық тәуелсіздігін күшейтуге және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға үлес қосып отыр. Ал, облыста ауылшаруашылығы техникасын жаңарту деңгейі 5,6 пайызды құраған. Бұдан бөлек, облыста ағын суды үнемдеу және өнім көлемін арттыру мақсатында су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап былтыр 11 мың гектарға артып, 66,5 мың гектарға жеткен. Оның 40,4 мың гектарына тамшылатып, 23,5 мың гектары жаңбырлатып суару жүйесі енгізілсе, 2,5 мың гектары лазерлік жоспарлаушы технология бойынша ылғалдандырылған.