Тауық та табыс көзі
Жексенбі күні жұрттың көпшілігі базарға барады. Жалпы, бұл күнді «базар» күні деп те атайды. Базардың да түр-түрі бар. Мал базары, азық-түлік, тұрмыстық зат сататын, тіпті көлік базарына дейін … Ол, ол ма «тауық» базары да бар. Жексенбі күні сауда-саттықтың бұл орнының да сатушы мен алушының қып-қызыл саудасы бар, оған тауықтың қыт-қыты қосылып, азан-қазаны шығып жатады, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Тауық базарының есігінен енген бойда елдің назарын бірден тауық саудалап тұрған келіншекке ауады. Оның алдына жайып қойған, темір тор сеткіге салынған қаз, үйрек, тауық пен үндіктің балапандарына қарамай тұра алмайсың.
Айнагүл Ахмадбекованың базардан нәпақасын тауып, тауық өсіріп, сатуды кәсіп еткеніне 25 жылдан асыпты. Бүгінде ол жеке кәсіпкер. Б.Момышұлы ауылындағы шағын үй іргесіндегі ауласында құс өсірумен айналысып, ұзақ жылдан бері ауыл тұрғындарын құс етімен қамтамасыз етіп келеді. Облыс орталығында өтіп тұратын азық-түлік тауарларының жәрмеңкесіне үздіксіз қатысып, сатылымға құс етін шығарады.
Айнагүл де тоқсаныншы жылдары отбасымен базарға шығып, саудамен де айналысады. Алайда, «сауда сақал сыйпағанша» дегендей табыс бірде бар, бірде жоқ. Нақты жұмыс іздеп көрді. Орайы келмеді. Содан базарға үй құсын шығарып сатайын деген тоқтамға келді. Құс ұстап, оны өсіруді енесі Мәриядан үйренді. Телефон операторы болып істейтін енесі балапан аштырып, тауық өсіретін. Балапан кезінен бастап, баладай мәпелеп өсірмесең, үй құсы деген өте нәзік келеді. Қалай азықтандырып, қалай өсіру керек, мұны енесі ерінбей-жалықпай келініне үйретумен болды.
Айнагүл о баста кәсібін 40 күркетауықтан бастап, одан балапан аштырып шығарады. Балапанды бір-екі апта енесінің бауырына салып, буыны қатайғаннан кейін, базарға шығарды. Болса да баға әртүрлі болып белгіленеді. Бірнеше жыл жұмысты осылай атқарды. Біршама қаржы түсіп, тірлігі оңалған соң, қаз-үйрек, етті «бройлер» тауығын асырады. Кәсіпкер құсты өсіріп, ет байлағанда сойып, базарға шығаратын. Ауласынан құсқа арнап қоражай салды, жалпы бабы болса үй құсы өсімтал келеді. Осындай тынымсыз тірліктің нәтижесінде құстың саны 2000-ға дейін жетті.
Айнагүл кәсібін одан ірі ұлғайтуды мақсат етіп, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Бастау Бизнес» курсында білімін жетілдіріп, кәсіп жүргізудің қыры мен сырын одан сайын үйреніп шықты. Курс нәтижесінде қайтарымсыз грантқа ие болып, балапан басып шығаратын инкубациялық аппарат сатып алды.
– Төрт түлiк малға қарағанда құс өсiру әлдеқайда жеңiл. Көп шығынды қажет етпейді. Жалпы, күркетауық көп бап талғамайды. Оны басқа үй құстарынан жеке ұстап, бөлек күтімге алған дұрыс. Себебі, олардың тұрқы ірі болып келеді. Әдетте, құс жеке тауық қорада бағылады, емін-еркін өсіп жетілуі үшін екі күркетауыққа шамамен бір шаршы метр жер қажет. Қораның берік те бітеу болғанын ескерген жөн. Ең тәуекелді құс балапан ашып шыққан соң басталады. Оны жұрт түйетауық деп те бекер атамаса керек, түйедей маң-маң басып жүрiп, аңдамай балапанын аяғымен мыжып кетiп, өлтiрiп қояды. Осы кезде сақ болу керек. Балапандар екі аптада тырбанып, аяққа тұрып кетедi, – дейді ол.
Кәсіпкер нарықтағы жағдайды бағамдап, құстың жем-шөбі мен азықтың бағасын тұрақты назарда ұстап отырады. Құстың артығын балапандай базарға шығарды. Егер тапсырыс болып жатса, сойып, қалаға да жөнелтті. Тауықтың қауырсынын жұлуға жұмыссыз отырған қыз-келіншектерді тартты. Мұның өзі ауылда әжептеуір нәпақа.
Айнагүл ауыл сыртынан жер алып, шағын құс фермасын салуға ниеттеніп, былтыр екінші деңгейлі қаржы ұйымдарынан 3 миллион теңге несие алып, шағын құс фермасын салуды қолға алды. Құс фабрикасына апаратын жолға аудан басшылығы шағал тас төсеп, жол салып берге ұйтқы болды.
«Адам баласы қандай қиындық көрсе де, тек алға ұмтылғанда ғана көздеген мақсатына жете алады. Алдына биік талап пен мақсат қоя білген адам ғана барлық тұрмыс тауқыметі жеңіп шығады. Адамды еңбек қана табысқа жетелеп, несібесін арттырады», дейді Айнагүл.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деді Абай данышпан. Ерінбей еткен еңбекпен еңсесін көтеріп, бүтіндей бір аудан тұрғындарының денін, тіпті азық-түлік тауарларының жәрмеңкесінде Тараз қаласы мен облыс орталығына келіп, сауда жасаушыларды құс етімен қамтамасыз етіп отырған Айнагүл күні ертең фабрикасы іске қосылғанда өнімін бүтіндей елімізге шығарар. Тіпті, алыс-жақын шет елдерге де экспортауы мүмкін. Іске сәт, Айнагүл!