Таразда Жеңіс ардагерлеріне құрмет көрсетілді

0 9

Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдық мерейтойы атап өтілді. 1418 күн мен түнге созылған сұрапыл соғыс – тарихтағы ең ауыр кезеңдердің бірі. Жеңіс күні – бұл еркіндік пен Тәуелсіздік жолында қан төккен батырларға деген құрметтің, тағзым мен ризашылықтың символы.

Осы айтулы мереке қарсаңында Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында ерекше патриоттық акция өтті. Әскери қызметшілер соғыс ардагерлерінің үйлерінің ауласында шағын «үй маңындағы парадтар» ұйымдастырды. Бұл туралы «Aulietanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі хабарлайды.

Тараз гарнизонының әскери қызметшілері, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы, Ұлттық ұлан, ҰҚК Шекара қызметі және Ұшқышсыз ұшу аппараттары мамандарын даярлау оқу орталығының өкілдері ардагерлердің ауласында сап түзеп, салтанатты шеру жасады.

Бұл ізгі дәстүрді бірнеше жыл бұрын Құрлық әскерлерінің «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы бастама еткен. Содан бері бұл игі іс жыл сайын жалғасып келеді. Ал биылғы мерейлі жылы ауқымы одан сайын кеңейіп, оған Ұлттық ұлан оркестрі де қосылды. Оркестр Астанадағы парадқа қатысқан әріптестерін алмастырып, музыкалық сүйемелдеуді қамтамасыз етті.

Бүгінде Жамбыл облысында көзі тірі бес майдангер ғана бар: Иван Фёдорович Макеев, Мұтәліп Ережепбаев, Григорий Владимирович Нещеретнев, Шалданбай Шанбаев және Геннадий Иванович Иванов. Барлығы да Тараз қаласының тұрғындары. Олардың төртеуі аулаға шығып, парадты өз көздерімен тамашалады.

Ардагерлер үшін бұл жай ғана құрмет емес, шынайы алғыс пен ұрпақтың ризашылығын білдіретін нақты әрекет. Оларды құттықтау үшін арнайы келген «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскерлер қолбасшысы, генерал-майор Ержан Ибраев Жеңіс шеруінен кейін бірден Таразға келіп, Қорғаныс министрінің атынан ардагерлерге Алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.

— Жеңістің 80 жылдығы — әр қазақ отбасы үшін ерекше мәні бар күн. Астанада өткен Жеңіс парадына қатысқаным — мен үшін үлкен мәртебе. Алайда, нағыз құрмет біздің ардагерлерімізге бағытталуы тиіс. Біз олардың әрқайсысын білеміз және ешқашан назардан тыс қалдырмаймыз. Біз еске алып, бағалап тұрған кезде – олар тірі. Осы бейбіт күнге олардың арқасында жеттік, — деді генерал-майор Ержан Ибраев.

Құттықтау шараларына қалалық әкімдік, Ардагерлер кеңесі және ішкі саясат бөлімінің өкілдері де атсалысты. Олар ардагерлерге гүл шоқтары мен сый-сияпаттарын тарту етті.

Үй маңындағы парад – бұл тек құрмет көрсету ғана емес, сондай-ақ еліміздегі күштік құрылымдардың бірлігін, ұрпақтар сабақтастығын, тарихи жадының сақталуын білдіретін маңызды белгі. Бұл шара ерлік пен бейбіт өмірдің бағасын ұмытпаған елдің аманатын тағы бір мәрте еске салды.