Таразда «Жас сақшы» сыныбы ашылды

0 108

Тараз қаласындағы №38 орта мектепте құқықтық тәрбиеге бағытталған «Жас сақшы» сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл бастама өскелең ұрпақтың бойында заңға құрмет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруды көздейді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Іс-шараға Тараз қаласы Полиция басқармасы бастығының орынбасары Данияр Азимов қатысып, оқушыларды жаңа оқу бағытының басталуымен құттықтады. Ол өз сөзінде «Жас сақшы» жобасының негізгі мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыру, тәртіп пен жауапкершілікке тәрбиелеу екенін атап өтті.

– Бұл жоба оқушылардың құқықтық сауатын көтеріп қана қоймай, олардың болашақта саналы, заңға бағынатын азамат болып қалыптасуына ықпал етеді. Қоғамдық тәртіпті сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті, – деді Данияр Азимов.

Жаңа сыныпта оқушылар құқық негіздерін меңгеріп, полиция қызметінің ерекшеліктерімен, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлімен танысады. Сабақтар теориялық біліммен қатар, тәжірибелік бағытта да ұйымдастырылатын болады.

Салтанатты жиынға ішкі істер органдарының ардагерлері, педагогтер мен мектеп оқушылары қатысты. Іс-шара барысында «Жас сақшы» сыныбына қабылданған оқушылар салтанатты түрде ант қабылдап, арнайы куәліктерге ие болды.

Аталған жоба мектеп пен полиция бөлімшелері арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтып, жас ұрпақ арасында құқықбұзушылықтың алдын алуға, заңға деген құрметті арттыруға бағытталған.