Таразда заманауи әскери мамандар даярлануда

0 234

Қазақстанда ұшқышсыз басқарылатын ұшатын аппараттар (ҰҰА) – заманауи қорғаныс саласының маңызды бағытына айналды. Бұл бағытта білікті мамандарды дайындайтын еліміздегі жалғыз оқу орны – Тараз қаласындағы Әуе қорғанысы күштерінің ҰҰА жауынгерлік қолдану оқу-жаттығу орталығы. Қазіргі уақытта мұнда жаңа курс аясында болашақ операторлар дайындықтан өтуде, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Оқу орталығы өз қызметін бастағаннан бері ҚР Қарулы күштері мен өзге де әскери құрылымдарға жүздеген кәсіби маман даярлап шығарды. Мұнда шетелдік тәжірибеден өткен, арнайы сертификаттары бар білікті инструкторлар қызмет етеді.

Бастапқы кезеңде курсанттар ұшқышсыз аппараттардың әскери саладағы атқаратын міндеттерімен, пайдалану қағидаларымен, техникалық сипаттамаларымен танысады. Сабақтар ізкесуші және барлаушы функциясы бар «SkyLark 1LEX» тактикалық жүйесінің көмегімен өтеді. Бұл құрылғы нақты уақыт режимінде бейнемәліметтерді жеткізе алатын, дәлдігі жоғары, заманауи техника саналады.

Оқу орталығы бастығының орынбасары, штаб бастығы подполковник Алмат Хайрушевтің айтуынша, қазіргі таңда мұндай құрылғылар қорғаныс пен барлаудың ең маңызды құралдарының біріне айналып отыр.

– ҰҰА – қазіргі заманғы әскердің бөлінбес бөлігі. Сондықтан біз кәсіби біліктілігі жоғары операторларды дайындауға айрықша көңіл бөлеміз. Олар тек техниканы меңгеріп қана қоймай, алынған ақпаратты сараптау және әскери шешімдер қабылдауда белсенді әрекет ететін мамандар болады, – деді подполковник.

Курсанттар арасында ұшқышсыз аппарат мамандығын игеруді көптен армандағандар аз емес. Солардың бірі – «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 44736 әскери бөлімінде келісімшартпен қызмет ететін қатардағы жауынгер Ферхат Орымбаев. Бұған дейін жару ісімен айналысқан ол бүгінде жаңа бағытта өз мүмкіндігін сынауда.

– Жару ісі өзіме ұнайтын. Бірақ, бала кезімнен дрондар мен авиациялық технологияларға қызығушылығым болды. ҰҰА операторлары қатарына қосылғанымды мақтан етемін. Қазір осы орталықта оқып, арманым орындалып жатыр, – дейді жас жауынгер.

Оқу бағдарламасы теория мен тәжірибені қатар қамтиды. Білім алушылар құрылғыны баптаудан бастап, ақпарат жинау және талдауға дейінгі толық циклмен танысады. Практикалық сабақтар арнайы тренажерларда және ашық дала жағдайында өткізіледі. Жалпы курс 40 күнге созылады. Қорытындысында барлық курсанттарға сертификаттар табысталып, олар Қазақстан Қарулы күштерінің түрлі бөлімдерінде қызмет етуге жолдама алады.

Мемлекет қорғаныс саласын заманауи талаптарға сай жаңартып, әскери мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға басымдық беруде. Тараздағы бұл оқу орталығы – соның нақты дәлелі.