Таразда тұңғыш рет жүрекке жоғары технологиялық ота жасалды

0 76

Тараз қаласында алғаш рет аса күрделі жүрек отасы сәтті өтті. Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығында отандық мамандар жасөспірімнің жүрегіндегі туа біткен ақауды жою үшін озық технологияны қолданып, өмірге қауіп төндірген жағдайды дер кезінде еңсерді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Жүрек ақауы бар 16 жастағы бозбала дүниеге келген сәттен бастап дәрігерлердің тұрақты бақылауында болған. Уақыт өте келе оның жүрек жұмысында ақаулар күшейіп, ентігу мен тез шаршағыштық пайда болыпты. Күнделікті қозғалысқа да шамасы жетпей, өмір сапасы күрт төмендеген. Жүрекке жасалған арнайы тексеру кезінде дәрігерлер аорталық қақпақтың қалыптан тыс екенін анықтайды. Атап айтқанда, үш жармалы болуға тиіс қақпақ екі жармалы болып қалыптасқан. Мұндай жағдайда жүректен шығатын қан ағымы шектеліп, қақпақтың толық ашылып-жабылмауы салдарынан қан айналымына кедергі туындайды.

Тексеру кезінде жүрек қақпағынан өткен қан қысымының айырмасы 100 мм сынап бағанасына жеткені белгілі болды. Бұл — қалыпты деңгейден бірнеше есе жоғары көрсеткіш. Дәрігерлер мұндай жағдайда отадан басқа жол жоқ деп шешіп, шұғыл түрде операция жасауға кіріседі.

— Бұл — жасөспірімнің өмірін аман сақтап қалуға бағытталған өте күрделі әрі жауапты операция. Біз бұл істі балалар кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Икром Мұхамедов, бас дәрігер Алмас Әлібеков және тәжірибелі әріптестерімізбен бірге атқардық. Отаны жүргізу барысында Озаки әдісін қолдандық. Бұл — Жапонияда жасалған және қазіргі таңда әлемнің дамыған елдерінде кеңінен қолданылып жүрген заманауи әдіс. Оның ерекшелігі — жүрек қақпағы науқастың өз перикардынан, яғни жүрек қабығынан қайта жасалып, қалпына келтіріледі, — дейді орталық басшысы, профессор Сейітхан Жошыбаев.

Операция сәтті аяқталып, жүрек қақпағындағы қысым айырмасы 100-ден 6 мм сынап бағанасына дейін төмендеген. Бұл — жүрек жұмысының қалыпқа келгенінің айқын дәлелі. Жүректегі кері қан ағымы тоқтап, баланың жағдайы тұрақтанды. Қазіргі таңда жасөспірім өзін жақсы сезінеді және болашақта спортпен шұғылдануға да рұқсат берілген.

Айта кету керек, мұндай жоғары технологиялық оталар елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін жасалады. Бұл — мемлекет тарапынан тұрғындарға көрсетіліп отырған нақты қолдаудың бір көрінісі.

Тараздық дәрігерлердің бұл жетістігі өңір медицинасының әлеуеті артып келе жатқанын дәлелдеп отыр. Алдағы уақытта бұл орталықта тағы да күрделі операциялардың жасалуы жоспарлануда.