Таразда шағын өндіріс аймағы ашылды
Ол – облысымыздағы алғашқы шағын өнеркәсіптік аймақ. Бұл бастама өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, шағын және орта бизнеске жаңа мүмкіндіктер ұсынады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жобаны іске асыруға «Тараз» ӘКК мен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қолдау көрсетті. Жоба құны – 1,4 миллиард теңге, бастамашы – «I Cons» ЖШС. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың қыркүйегінде басталған.
«Тараз» индустриялық аймағында орналасқан шағын өнеркәсіптік аймақта кәсіпкерлерге дайын өндірістік ғимараттар ұсынылады. Ол бастапқы шығындарды едәуір азайтып, өндірісті қысқа мерзімде жолға қоюға мүмкіндік бермек. Бұл шешім жаңа өндіріс ашуды жоспарлаған кәсіпкерлер үшін инфрақұрылымға қол жеткізу мәселесін тиімді шешеді.
Кешенде жалпы аумағы 10000 шаршы метрді құрайтын төрт өндірістік корпус бар. Онда шыңдалған шыны, фиброцемент плиталары және есік өнімдерін шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейді. Өнімдер қазірдің өзінде сұранысқа ие. «BI Group» сияқты ірі құрылыс компаниялары оларды тұрғын үй салуда пайдаланып жүр. Фиброцемент плиталарын шығаратын кәсіпорынның өндірістік қуаты – жылына 140 мың шаршы метр. Ал есік жасайтын өндіріс орны жылына 50 мың дана өнім шығаруға мүмкіндік береді. Бұл өнімдер заманауи, жайлы мектептер құрылысына да қолданылуда.
Жобаны іске қосу нәтижесінде шамамен 100 жаңа жұмыс орны құрылып отыр. 2025 жылдың III тоқсанында шағын өнеркәсіптік аймақ толық пайдалануға беріліп, кәсіпорындар тұрақты жұмыс режиміне көшті.