Таразда Сағадат Нұрмағамбетовті еске алу іс-шарасы өтті

0 246

Тараз қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, әскер генералы Сағадат Кожахметұлы Нұрмағамбетовтың туғанына 101 жыл толуына орай еске алу іс-шарасы өтті. Бұл туралы «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі хабарлайды.

Іс-шараға өңірлік қолбасшылық «Оңтүстік» әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Ержан Ибраев, Тараз гарнизонының әскери бөлімдерінің командирлері, Қарулы Күштердің ардагерлері және қала жұртшылығы қатысты. Сондай-ақ «Жамбыл электр желілерінің компаниясы» ЖШС басшылығы да шараға арнайы келіп, өздерінің әскери қызметтегі тәжірибелерімен бөлісті.

Генерал-майор Ержан Ибраев өз сөзінде Сағадат Нұрмағамбетовтың Қазақстанның ұлттық армиясын құрудағы тарихи рөлін атап өтті.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында оның алдында тек жауынгерлік бөлімдерді сақтап қана қоймай, Қазақстан армиясының негізін қалау міндеті тұрды, – деді ол. – Оның қажырлы еңбегінің арқасында заманауи, техникалық жағынан жабдықталған армия құрылып, еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

Шара барысында қатысушылар бір минут үнсіздікпен генералдың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Қарулы Күштердің ардагері, ауған соғысының ардагері, отставкадағы генерал-майор Әлімжан Ерниязов өз сөзінде:

– Әскеріміздің негізін қалаған, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов тек басшы ғана емес, нағыз патриот болатын. Оның ұстанымдары бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ, – деп атап өтті.

Сағадат Нұрмағамбетовтың есімі Қазақстан тарихында Отанға деген адал қызметтің үлгісі ретінде мәңгі сақталады. Оның мұрасы еліміздің қорғаныс қабілетінің сенімді негізі мен әскер дәстүрлерінің сабақтастығын қамтамасыз етеді.