Таразда Мемлекеттік Әнұранды жоғары деңгейде орындау іс-шарасы өтті
Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы №2 Өрт сөндіру бөлімшесінің алдына Мемлекеттік рәміздер күніне арналған патриоттық іс-шара өтті. Бұл туралы «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі хабарлайды.
Шараға Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар департаменті бастығы, полковник Арман Тоқанов қатысты. Ол жеке құраммен бірге еліміздің Мемлекеттік Әнұранын бірлесіп орындап, ұлтымыздың бірлігі мен патриотизмін дәріптеді.
Бұл күні Жамбыл облысындағы барлық гарнизон бөлімшелерінде Мемлекеттік Әнұран ерекше құрметпен шырқалды.
Мемлекеттік рәміздер күні – ұлт бірлігін нығайтуға, тәуелсіз Қазақстанның құндылықтары мен жетістіктерін насихаттауға бағытталған маңызды мереке. Республика Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері 1992 жылғы 4 маусымда ресми түрде бекітілген және содан бері еліміздің ұлттық тұтастығы мен тәуелсіздігін танытатын символға айналды.
Мемлекеттік Әнұранды орындау – тек қана салтанатты рәсім емес, ол әр азаматтың жүрегінде туған жерге деген махаббат пен патриоттық сезімді оятатын қасиетті іс.
Осылайша, Тараздағы Төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері еліміздің Мемлекеттік рәміздерін құрметтеу арқылы елдің бірлігін, патриотизмін айқындап, жастарды тәуелсіздікті қадірлеуге шақырды.