Таразда ел қорғандарына құрмет көрсетілді
Бүгін Тараз қаласындағы Кенен Әзірбаев атындағы «Баласағұн» орталық концерт залында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Ауқымды іс-шараға өңірдің басшылары, күштік құрылымдардың өкілдері, әскери қызметшілер мен қала тұрғындары қатысты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Жиынға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, жиналған қауымды қос мерекемен құттықтады. Аймақ басшысы сөзінде ардагерлерге шексіз алғысын білдіріп, қазіргі буынның елге адал қызмет етуінің маңыздылығын атап өтті.
— Құрметті жамбылдықтар, қадірменді ардагерлер! Сіздерді Отан қорғаушылар күні және Жеңістің 80 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл — халқымыз үшін маңызы ерекше, тағылымы терең қос мереке. Ел тыныштығын күзетіп, бейбіт өмірді қамтамасыз ететін сарбаздарымыз — мемлекеттігіміздің берік тірегі. Ал Ұлы Жеңіс — бабаларымыздың жанқиярлық ерлігі мен патриотизмінің мәңгілік символы, – деді облыс әкімі.
Мерекелік жиын барысында өңір басшысы ел қорғаны бола білген ардагерлер мен әскери сала мамандарына облыс әкімінің атынан арнайы марапаттар табыс етті.
Салтанатты шарада Жеңістің 80 жылдығымен қатар биыл Кеңес Одағының батыры, қазақ халқының даңқты перзенті Бауыржан Момышұлының 115 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтілетіні айтылды. Батырдың туған жері — Жуалы ауданында және облыстық прокуратура ғимаратында арнайы мемориалдық тақтайшалар орнатылды. Ал 9 мамыр күні Тараз қаласындағы Жеңіс саябағында Бауыржан Момышұлына арналған музей есігін айқара ашпақ.
Шара соңында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония мен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылық әскерлерінің өнер ұжымдары арнайы концерттік бағдарлама ұсынып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.