Таразда ауылшаруашылығы техникасын шығаратын зауыт салынып жатыр

0 81

Тараз қаласының индустриялық аймағында ауылшаруашылығы техникасын өндіруге маманданған жаңа зауыттың құрылысы басталды. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңдеу өнеркәсібін дамыту және инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асып жатқан маңызды жоба, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Зауыттың іргетасын қалау рәсіміне ҚР Ауылшаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, жобаның маңыздылығын атап өтті. Өндіріс алаңы бес гектарды қамтиды. Мұнда түрлі үлгідегі тракторлар мен тіркеме жабдықтар шығару көзделіп отыр.

Жобаның жалпы инвестициялық құны – 10 миллиард теңге. Инвестор – «Kaz FM World agriculture machinery» ЖШС, оның серіктесі – Қытайдың «Nuode Network Technology Co., Ltd» компаниясы. Зауыт іске қосылғаннан кейін жылына 2000 бірлікке дейін ауылшаруашылығы техникасын шығару жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 55 жаңа жұмыс орны ашылады.

Өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, отандық машина жасау саласын дамыту – аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың шешуші тетігі. «Өзімізде өндірілетін техника шаруаларға заманауи құрал-жабдықтарды қолжетімді етіп қана қоймай, өндірістік әлеуетті кеңейтуге жол ашады», – деді әкім.

Жалпы, биылғы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша Жамбыл облысының негізгі капиталына 391,7 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32,4 пайызға артық көрсеткіш.

2025–2027 жылдар аралығында өңірде жалпы құны 300 миллиард теңгеден асатын 20 ірі ауылшаруашылығы жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Бұл бастамалар өндірісті жаңғыртуға, озық технологияларды енгізуге және экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған.

Таразда бой көтеріп жатқан жаңа зауыт – өңірдің индустриялық-инвестициялық әлеуетінің нақты көрінісі. Бұл жоба ауылшаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеріп, жергілікті тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктер ашпақ.