Таразда 10 мыңнан астам ағаш отырғызылды

0 147

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев тараздықтармен, мемлекеттік қызметшілермен, қоғамдық бірлестіктер және бизнес өкілдерімен, еріктілермен, түрлі кәсіпорын қызметкерлерімен бірге «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Тараз қаласындағы «Қызыл-Абад» тұрғын алқабында өткен ағаш отырғызу іс-шарасына қатысты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Игілікті іске белсене қатысып, өңірдің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты. Акция барысында 10 мыңнан астам қарағаш көшеті отырғызылды.

Бұл күні жалпыұлттық экологиялық бастама аясында облыстың барлық елді мекендерінде шамамен 28 мың жасыл желек отырғызу жоспарланған. Жалпы көктемгі кезеңде өңір аумағында 286,9 мың көшет егілсе, күзгі маусымда қосымша 108,7 мың жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ облыс әкімі Тараз қаласындағы «Жансая» шағынауданында өткен санитарлық тазалық іс-шараларының барысымен танысып, тұрғындардың белсенділігіне ризашылығын білдірді. Ербол Қарашөкеев қала әкімдігіне экологиялық мәдениетті арттыру, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін күшейту, сондай-ақ жаңадан орнатылған қоқыс алаңдарына бейнебақылау жүйелерін енгізу жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.