Тараз қаласы мәслихатының депутаттығына №8 бірмандаттық сайлау округі бойынша кандидат Кыйрабаев Болот Алчикенович

0 131

ӨМІРБАЯН

Мен, Кыйрабаев Болот Алчикенович, 1971 жылғы 29 шілдеде Қырғыз Республикасының Талас облысындағы Маймақ станциясында дүниеге келдім. 1988 жылы Маймақ орта мектебін бітірдім. 2003 жылы Қырғыз мемлекеттік университетін «Қолданбалы математика» мамандығы бойынша тәмамдап, сол жылы Қырғызстан Ғылым академиясының аспирантурасында білім алдым.

1995 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысамын. Коммерциялық жобаларды ұйымдастыру, бизнесті басқару, қаржылық жоспарлау, сауда, қызмет көрсету және іскерлік байланыстар орнату салаларында тәжірибе жинақтадым. Кәсіпкерлік қызметімнің бір бағыты – логистика, оның аясында жүк тасымалын үйлестірумен және көлік-логистикалық қызметтерді дамытумен айналысамын. Бұл салада төрт адам тұрақты жұмыс істейді.

Жұбайым екеуміз Тараз қаласындағы «Фарида Посуда Тараз» мамандандырылған дүкенінің негізін қалаушыларымыз әрі басшыларымыз. Отбасылық кәсіпте тұрмыстық тауарлар ассортиментін кеңейтуге, жеткізушілермен ынтымақтастықты нығайтуға және тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетуге көңіл бөлеміз. Дүкенде 25, логистика бағытында төрт қызметкер еңбек етеді. Жалпы 29 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту – экономикалық өсудің, халықтың әл-ауқатын арттырудың және қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайтудың маңызды факторларының бірі деп есептеймін.

Өзімнің кәсіби қызметімде бизнесті адал әрі жауапкершілікпен жүргізуге, тұрақты жұмыс орындарын құруға, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға және коммерциялық қызметті одан әрі кеңейту үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға ерекше мән беремін.

Кәсіпкерлік саласындағы көпжылдық тәжірибем басқару, қаржылық жоспарлау, сауда қызметін ұйымдастыру, логистика, іскерлік серіктестермен өзара байланыс орнату және ұйымдастырушылық-экономикалық мәселелерді шешу бағыттарында практикалық білім мен тәжірибе жинақтауыма мүмкіндік берді.

Кәсіби мақсатым – кәсіпкерлікті одан әрі дамыту, қолданыстағы бизнес бағыттарын кеңейту, жаңа жұмыс орындарын ашу және Тараз қаласы мен Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына нақты үлес қосу.

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА

«ДАМЫҒАН ҚАЛА – ЖАЙЛЫ ӨМІР!»

Құрметті сайлаушылар! №8 сайлау округі тұрғындарының өзекті мәселелерін мәслихатта көтеріп, оларды өкілеттігім мен бюджет мүмкіндіктері шеңберінде шешуге ықпал етемін. Негізгі бағыттарым:

1. ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ЖАҚСАРТУ.

Байзақ батыр, Ташкент, Ықылас Дүкенұлы, Әлімхан Комратов, Мұхамед Хайдар Дулати, Дмитрий Менделеев, Михаил Лермонтов және өзге көшелердегі жолдардың жағдайын зерделеп, қажетті жөндеуді қалалық жоспарларға енгізуді ұсынамын. Жұмыс сапасы мен бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуына қоғамдық және депутаттық бақылауға атсалысамын.

2. КӨШЕЛЕРДІ ЖАРЫҚТАНДЫРУ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК. Жарығы жеткіліксіз көшелер мен тұйықтарды анықтап, кезең-кезеңімен жарықтандыру мәселесін көтеремін. Ескірген шамдарды жаңарту, істен шыққан жарық жүйелерін қалпына келтіру арқылы қауіпсіз орта қалыптастыруды қолдаймын.

3. ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ.

Сапалы ауызсудың үздіксіз берілуін, тозған су құбыры мен кәріз желілерін жаңғыртуды назарда ұстаймын. Жаңбыр және еріген қар суы жиналатын аумақтардағы су бұру мәселелерін шешуге атсалысамын.

4. ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ЖӘНЕ КӨЛІК ҚАТЫНАСЫ.

Қоғамдық көлік бағыттары мен кестесінің тұрғындар сұранысына сәйкестігін зерделеуді, қажет жерлерде жаңа аялдамалар орнатып, ескілерін жаңартуды ұсынамын. Мектептерге, медициналық және әлеуметтік мекемелерге қатынауды жеңілдетуге күш саламын.

5. ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ.

Экономикалық даму халықтың тұрмысынан көрінуі керек. Тараз қаласы үшін ауыл шаруашылығы, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, өнімді өңдеу, өткізу нарығын кеңейту және жергілікті өндірісті қолдау айрықша маңызды. Сондықтан экономикалық жобалардың санымен қатар, олардың жергілікті тұрғындарға беретін нақты пайдасына назар аудару қажет.

Кәсіпкерлік тәжірибеме сүйеніп, отбасылық бизнесті, сауда, қызмет көрсету және логистика салаларын қолдаймын. Кәсіпкерлердің мәселелерін құзырлы органдарға жеткізіп, жастар мен жұмыссыз азаматтарды кәсіпке тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған бастамаларды көтеремін.

6. БІЛІМ ЖӘНЕ БАЛАЛАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ОРТА.

Білім саласының дамуы тек жаңа мектеп салумен немесе заманауи жабдықтар сатып алумен шектелмейді. Ең алдымен, балаға сапалы білім беретін ұстазға жағдай жасау қажет. Педагогтің еңбегі бағаланып, кәсіби беделі қорғалмайынша, білім сапасын тұрақты арттыру қиын. Сондықтан мұғалімдердің еңбек жағдайына, мектептердің материалдық-техникалық жабдықталуына және қала аумағына жаңа қосылған елді мекен балаларының сапалы білім алу мүмкіндігіне ерекше мән беремін.

Бұдан бөлек, балалар ойын алаңдарын салуға, қолданыстағыларын жөндеуге және жаңартуға ықпал етемін. Балалардың бос уақытын пайдалы әрі қауіпсіз ұйымдастыратын әлеуметтік жобаларды қолдаймын.

7. АБАТТАНДЫРУ ЖӘНЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТАЗАЛЫҚ.

Көшелер мен аулаларды абаттандыру, қоқыс жиналатын орындарды ретке келтіру және тазалық жұмыстарын жүйелеу мәселелерін көтеремін. Тұрғындар қатысатын экологиялық және абаттандыру бастамаларын қолдаймын.

Яғни, қоғамдық қауіпсіздік, экологиялық тазалық және мемлекеттік органдардың ашықтығы тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Әрбір азамат өзі тұратын ауылда қауіпсіз жүріп-тұруға, таза ауамен тыныстауға және жергілікті мәселелер бойынша өз пікірін білдіруге мүмкіндік алуы керек.

Басты мақсатымыз – Тараз қаласын дамыған, қауіпсіз, әлеуметтік мүмкіндіктері тең және тұрғындары үшін қолайлы шаһарға айналдыру. Біз халықтың талап-тілегін тыңдап, өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал етіп, әрбір бастаманың нақты нәтижеге бағытталуын қолдаймыз.

Құрметті сайлаушылар!

Тұрғындардың ұсыныстарын тыңдап, көтерілген мәселелердің қаралуын және қабылданған шешімдердің орындалуын бақылауға дайынмын. Қала дамуының басты өлшемі – күнделікті өмірге қолайлылық әкелетін нақты нәтиже.

«ХАЛЫҚҚА ҚОЛАЙЛЫ ОРТА – ҚАЛАНЫҢ ТҰРАҚТЫ ДАМУЫ!» ДАМУЫ!». 

Тараз қаласы мәслихатының депутаттығына №8 бірмандаттық сайлау округі бойынша кандидат Б.Кыйрабаевтың сайлау қорының қаражатынан төленді.