Тараз қаласы мәслихатының депутаттығына №9 бірмандаттық сайлау округі бойынша кандидат Балжанбаев Қуаныш Бейбітұлы

"Phoenix" адам құқықтары жөніндегі қоғамдық бірлестігі

0 154

Мен, Балжанбаев Қуаныш Бейбітұлы, 1988 жылғы 27 мамырда Жамбыл облысының Тараз қаласында дүниеге келдім.

2004 жылы Тараз қаласындағы Н.К. Крупская атындағы №3 орта мектепті бітірдім. 2004-2007 жылдары Жамбыл политехникалық колледжінде «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алдым. 2007-2010 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Құқықтану» мамандығында оқыдым. 2011-2013 жылдары ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Сот төрелігі институтында білім алып, заң ғылымдарының магистрі дәрежесін иелендім.

2008 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін құқықтану және заңгерлік қызмет көрсету саласында кәсіби қызмет атқарып келемін. Құқық саласында, азаматтар мен ұйымдардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауда мол тәжірибе жинақтадым.

Сонымен қатар кәсіпкерлік саласында қызмет атқарып, жеке бизнесті дамыту және коммерциялық жобаларды жүзеге асырумен айналысамын.

Қазіргі уақытта кәсіпкерлік және кәсіби қызметімді жалғастырумен қатар, философия докторы (PhD) дәрежесін алу мақсатында докторантурада білім алып жатырмын.

Заң саласында 18 жылдан астам кәсіби тәжірибем бар. Еңбек және қоғамдық қызметім барысында заңдылықты сақтау, әлеуметтік жауапкершілік, азаматтардың құқықтарын қорғау және қоғамды дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөліп келемін.

Тараз қалалық мәслихатының депутаттығына өз кандидатурамды ұсынуды туған қаламның дамуына жеке үлес қосуға, қала тұрғындарының мүдделерін білдіруге және қорғауға, халықты толғандыратын мәселелердің шешілуіне ықпал етуге, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға берілген мүмкіндік деп санаймын.     

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА

Құрметті сайлаушылар! Менің басты мақсатым – қала тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту, әлеуметтік-экономикалық дамуға серпін беру, халықтың өзекті мәселелерін тиімді шешу және келешек ұрпақ үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру.

Сайлаушылардың сенімін ақтау және №9 сайлау округінің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу мақсатында төмендегі міндеттерді жүзеге асыруға күш саламын:

1.Жол және көлік инфрақұрылымын дамыту

-Абай даңғылы, Байзақ батыр, Желтоқсан, Ташкент, Қолбасшы Қойгелді, Әбілахат Еспаев, Махмұд Қашқари және округ аумағындағы өзге де көшелердің жолдарын ағымдағы және орташа жөндеуден өткізуге ықпал ету;

— Жаяу жүргіншілер жолдарын, аялдамаларды және жол белгілерін ретке келтіруге, қоғамдық көлік қатынасын жақсартуға атсалысу;

— Көше жарықтандыру жүйесін жаңғыртуға және жарықтандырылмаған көшелерді жарықпен қамтамасыз етуге қолдау көрсету.

2. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жақсарту

— Округ аумағындағы тұрғын үйлерді тұрақты электр энергиясымен, ауыз сумен және сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етуге ықпал ету;

— Ескірген инженерлік желілерді жаңарту, су бұру және кәріз жүйелерін жақсарту мәселелерін көтеру;

— Аулаларды абаттандыруға, балалар ойын алаңдары мен демалыс орындарын жаңартуға қолдау көрсету.

3. Білім беру және денсаулық сақтау саласын қолдау

— №24 гимназия, №15 мектеп-гимназиясы, Д.М. Карбышев атындағы №16 орта мектеп және округ аумағындағы басқа да білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға ықпал ету;

— Мектептерге апаратын жолдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жаяу жүргіншілер өткелдерін ретке келтіруге атсалысу;

— Медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, тұрғындардың денсаулығын қорғауға бағытталған бастамаларды қолдау.

4. Әлеуметтік қолдау және жастарды жұмыспен қамту

Жастардың болашағы туған жеріндегі мүмкіндіктермен тығыз байланысты. Жас азамат ауылында сапалы білім алып, жұмысқа орналасып, кәсіп ашып, қоғамдық өмірге белсенді араласа алса, оның туған жерімен байланысы да нығаяды. Сондықтан жастар саясатын тек іс-шаралар өткізумен шектемей, нақты білім, жұмыспен қамту және өзін-өзі дамыту мүмкіндіктерін қалыптастыру бағытында жүргізу қажет деп санаймын.

Сондықтан өз сайлауалды бағдарламамда көзделген міндеттер қатарында:

— Жастарды жұмыспен қамтуға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға қолдау көрсету;

— Көпбалалы отбасыларға, зейнеткерлерге, мүгедектігі бар азаматтарға және әлеуметтік осал топтарға көрсетілетін көмектің қолжетімділігін арттыруға ықпал ету;

— Балалар мен жастарға арналған спорт алаңдарын дамытуға, бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтын насихаттауға атсалысу.

Қоғамдық қызметімдегі басты бағыттардың бірі – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, инклюзивті білім беруді қолдау, мүгедектігі бар және ерекше қажеттіліктері бар балалардың жан-жақты дамуы мен қоғамға бейімделуі үшін тең мүмкіндіктер жасау.

Адаптивті спортты дамыту, қолжетімді спорт инфрақұрылымын қалыптастыру, мамандандырылған спорт секцияларын қолдау және мүгедектігі бар балалардың қаланың спорттық әрі қоғамдық өміріне толыққанды қатысуына жағдай жасау аса маңызды міндеттердің бірі деп санаймын.

Әрбір бала дене мүмкіндіктері мен даму ерекшеліктеріне қарамастан, сапалы білім алуға, спортпен шұғылдануға, өз қабілеттерін жүзеге асыруға және лайықты өмір сүруге тең құқылы екеніне сенімдімін.

Өз қызметімнің негізгі басымдықтары ретінде туған қалам Тараздың дамуын, халықтың өмір сүру сапасын арттыруды, кәсіпкерлікті қолдауды, жастар үшін қолайлы жағдайлар жасауды және жергілікті маңызы бар өзекті мәселелерді шешуді қарастырамын.       

5. Қауіпсіздік, тазалық және абаттандыру

— Округ аумағындағы қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге, қажетті орындарға бейнебақылау камераларын орнатуға ықпал ету;

— «Таза Қазақстан» бастамасы аясында көшелерді көгалдандыруға, санитарлық тазалықты сақтауға және қоғамдық орындарды абаттандыруға қолдау көрсету;

— Тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тұрақты назарда ұстап, өзекті мәселелердің шешілуіне қоғамдық бақылау жүргізу.

Құрметті жерлестер!

Сіздер маған сенім артып, №9 бірмандаттық сайлау округінен Тараз қалалық мәслихатының депутаты етіп сайлаған жағдайда, халықтың мүддесін қорғауға, көтерілген мәселелердің нақты шешілуіне және округіміздің дамуына бар күш-жігерімді жұмсаймын.

Құрметпен, Балжанбаев Қуаныш Бейбітұлы!

            Тараз қаласы мәслихатының депутаттығына №9 бірмандаттық сайлау округі бойынша кандидат Қ. Балжанбаевтың сайлау қорының қаражатынан төленді.