Тараз өркендеу жолында: ауқымды жобалар жүзеге асуда
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Жиын барысында қала басшысы 2025–2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспары мен 2023–2025 жылдарға арналған даму картасы аясында жүзеге асқан жұмыстардың қорытындысы туралы жан-жақты баяндады, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
— Мемлекет басшысының бастамалары мен облыс әкімі Ербол Шырақпайұлының тапсырмасына сәйкес, Тараз қаласының дамуы жан-жақты жоспарланып жатыр. Бұл бағытта нақты жұмыстар қолға алынды. Инфрақұрылымнан бастап, тұрғын үй құрылысы, білім беру, көлік, коммуналдық шаруашылық, абаттандыру мен мәдениетке дейінгі барлық салада ілгерілеу бар, — деді Бақытжан Орынбеков.
Оның айтуынша, әкімшілік басқаруды оңтайландыру мақсатында «Әулиеата» және «Жібек жолы» атты екі аудан құрылып, қаланың жалпы аумағы он үш мың гектарға ұлғайған. Қала халқының саны 437 мыңнан 482 мыңға дейін артқан. Бұл өзгерістер мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттырып, төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Көлік кептелісі мен жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында екі ірі көпір салу жобасы қолға алынған. Абай даңғылы мен темір жол үстімен өтетін жол өткелінің жобасы дайындалып, республикалық бюджетке 16 миллиард 900 миллион теңгеге өтінім берілген. Бұл жоба аясында жол бойындағы алпыс бір нысан мемлекет мұқтажына алынуда. Ал, Сыпатай батыр көшесінен Жамбыл даңғылына дейінгі эстакаданың жобалық-сметалық құжаттамасы дайын, құны — 23 миллиард 004 миллион теңге. Қазір мақұлдау кезеңінен өтіп жатыр.
Экологиялық қауіпсіздік бағытында кәріз суларын тазарту кешенінің құрылысы да жоспарланған. Жоба Еуропалық Қайта құру және даму банкі арқылы қаржылануда. Жалпы құны — 47 миллиард теңге. Қуаттылығы тәулігіне 80 мың текше метрге дейін жетеді.
— Тұрғын үй құрылысы — басты назардағы мәселе. Қазір 22 мыңнан астам азамат пәтер кезегінде тұр. «Сәулет», «Ұлы Дала», «Әулиеата» мөлтек аудандарында ондаған көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтарға арнап 669 пәтер сатып алынды. Ал, келесі жылы тағы 140 пәтер беріледі, — деді қала әкімі.
Жер теліміне мұқтаж азаматтарды қамтамасыз ету үшін қала маңындағы 564 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде.
Қаланың бір жарым мыңға жуық көпқабатты тұрғын үйінің жартысынан көбі күрделі жөндеуді қажет етеді. Өткен жылы 5 миллиард 100 миллион теңгеге елу үш үй жөнделген. Биыл тағы жетпіс үш үйді жөндеуге 7 миллиард 800 миллион теңгеге өтінім беріліпті. Сонымен бірге, қала орталығындағы үйлердің сырты жаңартылып, архитектуралық келбеті жақсаруда.
Білім беру саласында да серпінді жобалар іске асуда. «Ұлы Дала» мөлтек ауданында екі мың орынды жаңа мектеп пайдалануға берілсе, «Шөлдала» алқабында алты жүз орынды мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бірқатар мектептерде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды.
Жылу жүйелерінің тозуы өзекті мәселе болып қала беруде. Биыл жалпы ұзындығы бір жарым шақырымға жуық жылу желісі жаңартылып, бірнеше магистраль қайта жасақталуда. Жалпы құны 27 миллиард 300 миллион теңге болатын он бір жоба республикалық бюджетке ұсынылған.
Ауызсу мәселесі де шешімін табуда. Қаланың шет аймақтарына су тарту, магистралды желілерді жаңарту мен жаңа ұңғымалар қазу жұмыстары жалғасып жатыр. Бірқатар елді мекенге ауызсу тартуға арналған жобалар мақұлданған.
— Өткен жылы жетпіс алты көшеге көше жарығы орнатылса, биыл бұл көрсеткіш сексен бес көшеге жетеді. Сонымен қатар, он шағын аудандағы көпқабатты үйлердің ауласы жарықпен қамтамасыз етілді, — деді спикер.
Жол жөндеу жұмыстары аясында өткен жылы 127 көше жөнделсе, биыл 95 көше орташа жөндеуден өтуде. Қосымша жүз көшеге шағалтас төселіп, жаяу жүргіншілер жолы мен автомобиль көпірлері салынып жатыр.
Аулаларды абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Биыл 768 миллион 700 мың теңгеге жиырма бес аула абаттандырылады. Он бір кіші футбол алаңы салынып, жөнделеді. Сонымен қатар, «Ұлы Дала» мөлтек ауданында жаңа спорт кешенінің құрылысы басталды.
Қоғамдық көлік саласында оң өзгерістер байқалады. Автобус бағыттарының саны қырық үшке жетті. Жыл соңына дейін сексен екі жаңа автобус жеткізіледі. Қосымша бес бағыт ашу жоспарланған.
Қаланы көгалдандыру мен ирригациялық жүйені қалпына келтіру де басты назарда. Биыл жиырма мыңнан астам ағаш отырғызылды. Арықтар жөнделіп, су өткізу арналары қайта жаңартылуда. «Үшбұлақ» пен «Қарасу» каналдарының маңы абаттандырылып, демалыс орындары салынады.
— Қазіргі таңда жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрайды. Жұмыспен қамту бағдарламасы аясында биыл 22 мыңнан астам адамды еңбекке тарту көзделсе, бүгінге дейін 5522 адам жұмысқа орналасты, — деді Бақытжан Орынбеков.
Мәдениет саласында да жаңғырулар бар. «Тектұрмас» тарихи кешенінде «Көне қамал» пайдалануға беріліп, онда тұрақты мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда. Құмшағал алқабында жаңа мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр. Қалаға жаңадан қосылған елді мекендердегі мәдениет ошақтарына да жөндеу жұмыстары жоспарланған.
Жиын соңында БАҚ өкілдері өз сауалдарын қойып, қала әкімі нақты әрі тұшымды жауап берді.
— Әлі де шешімін күткен мәселе көп. Бірақ, біз барлық мәселені кезең-кезеңімен, бюджет мүмкіндігіне қарай шешеміз. Ең бастысы – қала тұрғындары бізбен бірге болуға, Тараздың дамуына үлес қосуға дайын. Біз де бірлесе жұмыс істеуге әрқашан ашықпыз, — деді спикер.