Табыс табуға табандылық қажет
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Ауыл аманаты» бағдарламасына жоғары баға беріп, оның ауыл халқының әл-ауқатын арттырудағы, жұмыссыздықты азайтып, кәсіпкерлікті дамытудағы маңызын ерекше атап өткен еді. Расында да, бұл бастама – тек әлеуметтік жоба ғана емес, ауылшаруашылығының өркендеуіне серпін беретін нақты тетікке айналып отыр, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Бағдарламаның шынайы жемісін көріп отырғандардың бірі – Қаракемер ауылының тұрғыны Дидар Смағұлов. Ол 2020 жылы мал шаруашылығын қолға алып, алғашқы кәсібін 24 бас бұқамен бастаған. Ауылда туып-өскен қарапайым жігіт күнделікті еңбек пен үнем арқылы шағын шаруашылығын жолға қойып, үлкен мақсаттарға ұмтыла бастайды.
– Басында бұл кәсіп – жай ғана күнкөріс көзі болатын. Бірақ, уақыт өте келе мал шаруашылығына деген қызығушылығым артып, кәсібімді кеңейтуге талпындым. Сол жолда «Ауыл аманаты» бағдарламасы көмекке келді, – дейді Дидар.
2024 жыл Смағұловтар отбасы үшін үлкен серпіліс жылы болды. Жұбайы Мадина Алтыбаевамен бірге олар мемлекеттік бағдарламаға қатысып, жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. 5,4 миллион теңге көлеміндегі қарыз 2,5 пайыздық мөлшерлемемен беріліп, алғашқы алты айда төлем жасалмайтыны – ауыл кәсіпкерлеріне жасалған зор жеңілдік.
– Несие қаражатының басым бөлігін – 5 миллионын 1,5 жасар бұқалар сатып алуға жұмсадық. Қалған 400 мың теңгесін мал азығына – шөп пен жемге бөлдік. Қыстың қамын ерте жасап, шаруаны жоспарлы түрде жүргізіп жатырмыз, – дейді Дидар Смағұлов.
Оның пікірінше, мұндай қолжетімді несиелер – ауыл жастары үшін үлкен мүмкіндік. Көп жағдайда бастамашыл азаматтарда идея бар, бірақ қаржы жетіспейді. «Ауыл аманаты» сол олқылықтың орнын толтырып отыр.
– Жастарға айтарым – қорықпаңдар! Қазір ауылда да табысты кәсіп жүргізуге барлық жағдай жасалған. Мемлекеттің қолдауын дұрыс пайдалансаң, нәтиже міндетті түрде болады, – дейді ол.
Дидардың өмірлік серігі Мадина Алтыбаева да бұл шаруаның өрге басуына өзіндік үлесін қосып келеді. Үй шаруасы мен кәсіптің арасын үйлестіре отырып, ол балаларға да еңбекке баулудың маңызын айтады.
– Ер азаматқа жауапкершілік көп, бірақ жалғыз жүріп бәріне үлгеру қиын. Біз бір-бірімізге тірек болуға тырысамыз. Балаларымыз да әкесінің еңбегін көріп, ауыл тіршілігінің маңызын ұғып келеді, – дейді Мадина.
Смағұловтар шаңырағында бүгінде төрт бала өсіп келеді: үш ұл, бір қыз. Үлкендері – мектепте оқиды, ал кенжелері – ата-анасына қолғабыс етуді үйреніп жүр. Бұл – еңбекке деген құрметтің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуының белгісі.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының ерекшелігі – тек қаржылай көмек емес, кәсіп ашу мен кооператив құру, жаңа технологияны меңгеру сынды кешенді қолдауларды да қамтиды. Бағдарлама аясында несие 2,5 пайызбен 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығы бағытындағы жобалар үшін 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Қарыз көлемі 2,5 мың АЕК-ке дейін, ал кооперативтер үшін 8 мың АЕК-ке дейін жетеді.
Дидар Смағұловтың шаруашылығы – бұл бағдарламаның нақты нәтижесін көрсететін үлгі. Оның табандылығы мен бағдарламаның тиімді шарттары бірігіп, ауыл кәсіпкерлігінің болашағы бар екенін дәлелдеп отыр.