Студенттерге арналған жаңа жатақхана ашылды

0 10

«Жұмысшы мамандықтарының жылы» және Жастар күні мерекесі аясында Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледж студенттеріне арналған заманауи 120 орынды жаңа жатақхана пайдалануға берілді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Бұл – тек бір ғимарат емес, жас ұрпақтың сапалы білім алып, алаңсыз өмір сүруіне жасалған нақты қадам. Нысанның құрылысын өңірлік жеке кәсіпкер Меиз Рыспаева өз қаржысы есебінен әлеуметтік серіктестік аясында жүргізіп, толық аяқтап шықты. Жоба жастардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мен қолжетімді білім беру кеңістігін кеңейту мақсатында жүзеге асырылды.

Жаңа жатақхана қазіргі заман стандарттарына сай салынған. Мұнда жайлы жатын бөлмелер, оқу және демалыс залдары, асхана, кір жуу бөлмесі секілді инфрақұрылымдар толық қарастырылған. Бұл студенттердің тек жайлы тұрмысына ғана емес, сапалы білім алуына да оң әсерін тигізетіні сөзсіз.

Ашылу салтанаты «Jastar Life Talks» атты мотивациялық форуммен жалғасын тапты. Форум аясында әртүрлі салада жетістікке жеткен жас мамандар мен танымал тұлғалар студенттермен кездесіп, табысқа жету жолындағы өз тәжірибелерімен, өмірлік көзқарастарымен бөлісті. Мұндай кездесулер жастарға шабыт сыйлап, армандарын жүзеге асыруға серпін берері анық.

Іс-шара соңында белсенді жастар Алғысхаттармен және арнайы марапаттармен марапатталды. Мұндай жобалар өңірдегі жастар саясатының жанданып келе жатқанын көрсетеді. Қоғам мен кәсіпкерлер бірігіп, ел болашағы жастарға жағдай жасауда нақты істерге көшуде.