Степное ауылында кәсіпке бет бұрғандар көбейіп келеді

0 3

Қордай ауданының Степное ауылдық округінде кәсіпкерлік саласындағы жаңалықтар мен мүмкіндіктер жыл сайын кеңейіп келеді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың аграрлық секторды дамыту және ауылшаруашылығында кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі бастамалары аясында жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының табысын арттыруда үлкен рөл атқаруда. Бұл бағдарлама ауыл тұрғындарына 2,5 пайыздық несиелер беру арқылы өз кәсібін бастау немесе кеңейтуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Степное ауылдық округінде осы жобаға қатысып, кәсіпкерлік жолында жетістікке жеткен азаматтардың саны артып келеді. Мысалы, 2024 жылы 17 азамат бағдарламаға өтінім берген. Олардың 12-сі өтініштеріне қолдау алып, жеңілдетілген несиеге ие болып, кәсіптерін дамытуда. Ал қалған үшеуінің өтінімі қанағаттанарлық деп табылмаған, екі өтінім әлі қаралуда. Бұл жоба ауыл тұрғындарының өз бизнесін ашуға және оны дамытуға мүмкіндік береді.

Бибіжамал Сеилова – «Ауыл аманаты» бағдарламасының жеңімпаздарының бірі. 2020 жылдан бері жолдасымен бірге жылыжай шаруашылығын дамытуда. Олар өз қаражаттарына 10 сотық жерге жылыжай орнатып, бақша өнімдерін өсіріп, табыс табуда. Бибіжамал бұл жобаның ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік екенін айтады. Оның сөзінше, «Ауыл аманаты» арқылы алынған 2,5 пайыздық несие олардың кәсіптерін кеңейтуге көмектесті. Олар 2024 жылы жылыжай шаруашылығын кеңейту мақсатында 8,600 мың теңге несие алды.

«Жеке кәсіпкерлікпен айналысуға азды-көпті тәжірибеміз бар, өйткені жобаға дейін де есік алдында бау-бақша баптап, бағбандықтың қыр-сырына әжептеуір жетік болып қалған жайымыз бар. Жылыжай шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан қолдау алып, үлкен мүмкіндіктерге қол жеткіздік», – дейді Бибіжамал.

Ол сондай-ақ, жылыжай шаруашылығының ауыр да қызықты еңбек екенін айтады. Бұл салада тек ерінбей еңбек еткендер ғана табысқа жетеді. «Жан қиналмай жұмыс бітпес, талап қылмай мұратқа жетпес» деген қазақтың мақалын есіне ала отырып, ол өзінің табысты болуына тек қана еңбек пен ынта қажеттігін атап өтеді.

Бибіжамал болашақта жылыжайда қияр мен қызанақ өсіруді жоспарлап отыр. Оның мақсаты – өнімдерін жергілікті халыққа қолжетімді бағамен ұсынып, кәсіпті әрі қарай дамыту. Ол мемлекеттік бағдарламаның ауылдық кәсіпкерлер үшін беретін мүмкіндіктерін жоғары бағалайды.

«Ауыл аманаты» жобасының негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының кәсіпкерлігін дамыту, ауылдық жерлердегі жұмыссыздықты жою және халықты өз ісін ашуға ынталандыру. Бұл бағдарлама ауыл тұрғындарына жеке бизнесін кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, әлеуметтік-экономикалық жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді. Қордай ауданындағы Степное ауылдық округінде де осы жоба аясында кәсіп ашып, оны дамытуға үлес қосып жатқан азаматтар саны күннен-күнге артып келеді.

Елдің әрбір азаматы үшін осындай мүмкіндіктердің болуы ауылшаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамытуға жаңа серпін береді. «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының табысын арттырып, ауылшаруашылығы саласын ілгерілетуге бағытталған маңызды шаралардың бірі болып отыр.