Шыны банкілерді шығарып-ақ табыстың тайқазанын қайнатуда

0 190

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы он бес жылға жуық  шағын және орта кәсіпкерлік пен өндіріс ошақтарының дамуына үлес қосып келеді, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

— «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын іске асыру шеңберінде «Даму» қоры облыстағы кәсіпорындарға пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кепілдік беру түрінде қолдау көрсетуде. «Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау» құралы іске асырылған сәттен бастап облыс кәсіпкерлері жалпы құны 255,9 миллиард теңгені құрайтын 4700-ден астам жоба қолдау тапты. Оның ішінде 3200-ден астам жобаға «Даму» қорының кепілдігі беріліп, алынған несиенің жалпы сомасы 56,6 миллиард теңгені құрады, — дейді қордың Жамбыл  облыстық филиалының басшысы Бақытжан Исақов.

Қордан қолдау-көмек  алған өндіріс орындарының бірі — «Достық и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Компания нарықта 2004 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Өндіріс ошағы сыйымдылығы 1, 2 және 3 литрге дейінгі шыны банкаларды шығарумен айналысады.

Кәсіпорын  осыдан бес жыл бұрын «Даму» қоры «Бизнестің жол картасы 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында «субсидиялау және кепілдік беру» құралы арқылы процесті автоматтандыру үшін жабдықтар, сондай-ақ, өзге де құрал-жабдықтар сатып алу бойынша «Қазақстан Халық банкі» акционерлік қоғамы арқылы қаржыландырылған. Несие сомасы 314 миллион теңгені құрады. Компания үшін несиенің мөлшерлемесі 6 пайызға айналды, кепілдік сомасы 132,7 миллион теңгені құраған болатын.

Серіктестіктің цех бастығы Есберген Еламановтың айтуынша, шыны банкалар шығаратын цехтың жұмыс бастағанына да алты жылға жуықтапты. Зауыттың өндірістік цехында шыны банкаларын өндірісі  жолға қойылған. Тәулігіне  70-80 мың шыны банкі шығарылады. Банканың 12 түрін шығаратын зауыт цехында 56 адам еңбек етеді. Ондағы бір желі сыйымдылығы  0,5-тен 1 литрге дейінгі банкаларды шығаруға арналған. Екі жыл бұрын оның екінші желісі іске қосылып, екінші желі сыйымдылығында 2 мен 3 литр аралығындағы  банкалар шығарылуда.

– Зауыт банктерді кең ассортиментте шығара алады. Жиынтықтар формаларының жеткілікті таңдауы бар. Өндірілетін өнім сапасы бойынша «Консервіленген тамақ өнімдеріне арналған шыны ыдыс» формасы мемлекеттік талаптың барлық стандартына сай келеді. Кәсіпорында шығарылатын өнімге Еуразиялық экономикалық одақ сәйкестігі туралы декларациясы бар. Бұл банктерді Кеден одағы елдеріне өткізуге мүмкіндік береді, – дейді цех бастығы.

Зауыт ауласында әжептәуір шикізат қоры жинақталған. Цех басшысы Есберген Еламанов шыны балқытуға Арал құмын, Қаратаудың содасын, кварц құмы және барлық өңірден жинаған шыны ыдыстарының сынығын пайдаланатынын айтты. Кейбір маңызды қоспаларын Ресей мен Өзбекстан республикасынан алдыратын көрінеді.

– Біз бір тәулікте 40 тонна шикізатты шыны сынықтарымен қосып балқытамыз. Күнделікті халық тұтынатын бөтелке құтысы, есік және терезе сынықтарын, айна мен басқа да шыны қалдықтарын қаланың түкпір-түкпірінен жинатамыз. Өзге облыс орталықтарынан жинатып, жүк көліктерімен тасымалдап аламыз. Осы арқылы табиғатқа, жасыл белдеу қалыптастыруға өз үлесімізді қосудамыз десек те болады. Біріншіден қала көшелерінде, табиғат аясында шыны ыдыстары қалдығының азаюына себепші болсақ, екіншіден оны қайта өңдеп, банка жасап шығамыз. Алдымен шыны ыдыстарды арнайы тазалаудан өткізіп, құм мен соданы, басқа да қоспаларға араластыра отырып ұнтақтаудан өткіземіз. Одан кейін ол шикізат 1500 градустағы балқыту пешіне түсіп, 102 тонналық ваннада қайнап, балқып шығады, – дейді цех басшысы.

Сұйықтық цехтың екі желісі арқылы 0,5 грамнан 3 литр аралығындағы банкалар құймасына құйылып, ары қарай дайын өнімге айналу сәтіне де назар аудардық. «Цех жұмысы тоқтап қалмас үшін бір ай бұрын бір айлық шикізат қорын дайындап аламыз. Құмнан бөлек, бөтелке, шиша қалдықтары республикамыздың түкпір-түкпірінен жиналып, осында жеткізіледі. Қор жинақтау мәселесі шешімін тапқан», – деді ол.

Өнім Қырғыз және Өзбекстан Республикаларына экспортқа шығарылуда. Қазақстандағы негізгі тұтынушысы Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы консервілеу зауыттары көрінеді. Шыны банкілерді шығарып-ақ табыстың тайқазанын қайнатып отырған шағын өндіріс ошағының алар асуы, шығар  биігі әлі алда.