Шу қаласында теміржол саласына серпін берген жаңа депо іске қосылды

0 46

Жамбыл облысында тағы бір ірі инвестициялық жоба сәтті жүзеге асты. Шу қаласында заманауи теміржол депосы іске қосылып, пайдалануға берілді. Бұл нысан өңірдің ғана емес, еліміздің де көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға айтарлықтай үлес қосатын маңызды инфрақұрылымдық жоба ретінде бағаланып отыр.

Ашылу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, Қазақстанның Франциядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова, Көлік министрлігінің және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының өкілдері мен жобаны жүзеге асырған француздық «Alstom» компаниясының басшылығы қатысты. Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі бұл жобаның іске қосылуы Шу ауданы үшін де, тұтастай облыс үшін де үлкен жаңалық екенін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жамбыл жерінде ауқымды инвестициялық жобалар табысты орындалып жатыр және олардың барлығы экономиканы әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.

Шетелдік инвестиция тарту арқылы жүзеге асқан бұл жобаның жалпы құны 4 миллиард теңгеден асады. Францияның жетекші өнеркәсіптік корпорацияларының бірі саналатын «Alstom» компаниясы аталған депоның құрылысын екі жыл ішінде толық аяқтап, халықаралық стандарттарға сай өндірістік нысанды ел игілігіне ұсынды. Жаңа депо негізінен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның пайдалануындағы «KZ4» және «KZ8» сериялы электровоздарына техникалық қызмет көрсетуге бағытталған. Мұнда заманауи құрал-жабдықтар орнатылып, экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары қатаң сақталған.

Жобаның жүзеге асуы өңір үшін әлеуметтік тұрғыдан да маңызды. Себебі, кәсіпорын жұмысын бастағаннан кейін 100-ге жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады. Ал, өндірістік қуаттылығы жылына 1500-ге дейін электровозды жөндеп, сапалы техникалық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл көрсеткіштер еліміздегі теміржол қозғалысының қауіпсіздігі мен тиімділігін жаңа деңгейге көтермек.

Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық әріптестіктің аясында жүзеге асқан бұл жобаның сәтті аяқталуы – қос тараптың ұзақмерзімді сенімді ынтымақтастығының айғағы. Елші Гүлсара Арыстанқұлова осы бағыттағы серіктестік одан әрі де жалғасатынына сенім білдіріп, Қазақстанның инвестициялық ахуалының тұрақтылығы мен ашықтығын ерекше атап өтті. Ал, «Alstom» компаниясының Батыс және Орта Азиядағы басқарушы директоры Жером Бойе Қазақстан үкіметі мен жергілікті биліктің қолдауына алғыс білдіріп, болашақта жаңа жобаларға дайын екенін жеткізді.

Айта кетейік, бүгінде Жамбыл облысының инвестициялық қоржынында жалпы құны 3,7 триллион теңгеге жететін 62 жоба бар. Олардың барлығы 2025–2028 жылдар аралығында кезең-кезеңімен іске аспақ. Тек биылдың өзінде 175,2 миллиард теңгеге бағаланған 30 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 1000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Салтанатты шара соңында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қонақтармен бірге жаңа кәсіпорынды аралап көріп, жұмысын жаңа бастаған ұжымға сәттілік тіледі.