Шу ауданында мекемеаралық көшпелі мәжіліс өтті

0 7

Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіровтың төрағалығымен Шу ауданында мекемеаралық көшпелі мәжіліс өтті. Жиында құқықтық тәртіптің жалпы ахуалы, жастар арасындағы бұзақылық және қылмыстың алдын алу мәселелері жан-жақты қаралды.

Кеңесте Мойынқұм, Шу және Қордай аудандарындағы қылмыстық жағдайға терең талдау жасалды. Атап айтқанда, Мойынқұм ауданында кейбір қылмыс түрлерінің азаюы байқалғанымен, профилактикалық жұмыстардың әлсірегені ерекше сынға алынды. Бұған учаскелік полиция қызметкерлерінің жетіспеуі мен бейнебақылау жүйесінің жеткіліксіздігі себеп болып отыр.

— Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету тек құқық қорғау органдарының емес, жергілікті атқарушы биліктің де ортақ міндеті. Сондықтан адам көп жиналатын орындарда бейнебақылау камераларын орнату, учаскелік полицияның жұмысын жандандыру басты назарда болуы тиіс, — деді облыс прокуроры.

Сонымен қатар, жиында жер қойнауын заңсыз пайдалану және көлеңкелі экономикамен күрес тақырыбы да көтерілді. Облыс аумағында бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, биыл мамыр айында облыс прокуратурасының үйлестіруімен «Ақбақай» кен орнында заңсыз алтын өндірумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылған. Күдіктілер ұсталып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Облыс прокуроры ІІМ, ҰҚК және басқа да уәкілетті органдардың басшыларына мекемеаралық өзара іс-қимылды күшейтіп, заңсыз әрекеттердің алдын алу мен жолын кесу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Ендігі міндет  – жедел ақпарат алмасу және профилактикалық жұмыстарды күшейту.

Жиын барысында құқықбұзушылықтарға әсер ететін себептер мен жағдайларды анықтау бойынша аралық нәтижелер тыңдалды. Сонымен қатар, алдын алу шараларының тиімділігін арттыру бағытында нақты ұсыныстар әзірленіп, бірқатар жүйелі кемшіліктердің себептері көрсетілді. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша облыс прокуратурасы тиісті қадағалау шараларын қолға алғаны айтылды.

Бұл мәжіліс өңірдегі құқықтық ахуалды жақсартуға бағытталған нақты шешімдер қабылданған маңызды алаңға айналды.