Шу ауданы – дамудың жаңа кезеңінде
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен Шу ауданына барып, жергілікті халықпен кездесті. Ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалы мен тұрғындарды мазалаған мәселелерді талқылауға арналған басқосу аудан орталығындағы мәдениет үйінде өтті. Жиынға ауыл әкімдері, қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер мен қарапайым азаматтар қатысты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Кездесу барысында облыс басшысы өңірде жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар мен басты басымдықтар туралы баяндады. Оның айтуынша, Шу ауданы – облыс бойынша инвестициялық тартымдылығы жоғары өңірлердің бірі. Ауданда өнеркәсіп пен ауылшаруашылығы бағытындағы жобалар сәтті іске асырылуда. Биылдың өзінде аймақта 301 миллиард теңге инвестиция тартылып, 30 ірі жоба қолға алынған. Ал облыс экономикасында алты айда 113 пайыз өсім тіркелсе, өнеркәсіп өнімі 120 пайызға артқан.
Аймақ басшысы халықпен кездесулердің нәтижесін де жария етті. Жыл басынан бері облыста 374 кездесу өткізіліп, 20 мыңнан аса адам қатысқан. Сол кездесулерде 1200-ден астам мәселе көтерілсе, олардың жартысынан астамы бүгінде оң шешімін тауыпты.
Жиында аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков Шу өңірінің даму қарқыны туралы баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, тек соңғы бір жарым жылда 37 ірі инвестормен кездесу өткізіліп, нәтижесінде 791 миллиард теңгеге бағаланған 21 жоба «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы аясында іске қосылған. Қазіргі таңда төрт жоба жұмыс істеп тұр, ал бесеуінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Тағы 12 жоба жобалау сатысында. Бұл кәсіпорындар толық іске қосылғанда 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Кездесуде бірқатар өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады. Тұрғындар қаңғыбас иттердің көбейіп кеткеніне шағымданды. Бұл әсіресе балалар мен қариялар жиі жүретін демалыс орындарында қауіпсіздікке қатер төндіріп отыр. Ербол Қарашөкеев бұл мәселеге ерекше тоқталып, ветеринарлық қызметтің жұмысын жүйелеуді тапсырды. Аудан бойынша биыл 949 қаңғыбас ит ауланып, стерилизациялау және вакцинациялау жұмыстары басталған. Арнайы пункттер құрылып, жұмыс жүйелі түрде жалғасады.
Сонымен қатар пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару мәселесі де сөз болды. Облыс бойынша қайтарылатын 90 мың гектардың 13 мыңы Шу ауданына тиесілі. Бұл жұмыс та нақты бақылауда екенін атап өтті облыс әкімі.
Жиын қорытындысында Ербол Қарашөкеев жас мамандарды қолдау, «Дипломмен – ауылға» жобасын тиімді пайдалану, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін күшейту, бос тұрған ғимараттарды тәртіпке келтіру және әлеуметтік тауарлар мен отын тапшылығының алдын алу шараларына ерекше назар аударуды тапсырды.
Кездесу соңында облыс басшысы азаматтарды жеке қабылдайтынын айтып, ашық диалогқа келген тұрғындарға алғысын білдірді. Шу ауданына сапар аясында жергілікті мәселелер талқыланып қана қоймай, нақты шешім қабылдауға жол ашылды.