Шетелдік сарапшылар қызғалдақты Жамбыл облысының бренді деп атады
Тараз қаласында өтіп жатқан «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі аясында ұйымдастырылған ғылыми-тәжірибелік конференция Жамбыл өңірін тек табиғат жауһары ретінде емес, халықаралық ғылыми-туристік диалог алаңы ретінде де таныта білді. Бұл жиынға Германия, Украина, Қырғызстан және Нидерланды елдерінің сарапшылары қатысып, өз ойларын ортаға салды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Конференцияда сөз алған Нидерландылық «HBM» компаниясының менеджері Пична Марсели қызғалдақты Жамбыл облысының туристік бренді ретінде дамытуға болатынын айтты.
– Бұл конференция – Қазақстанның, әсіресе, Жамбыл өңірінің туризм саласындағы зор әлеуетін көрсетіп отыр. Қызғалдақ – әлемге танымал гүл. Бірақ, көпшілік оның нақты отанын біле бермейді. Ғылыми дәлелдер мен табиғи факторлар бұл гүлдің тарихи отаны — дәл осы Жамбыл өңірі екенін көрсетеді. Енді басты міндет – осы байлықты сақтап, оны сауатты түрде мәдени-туристік жобаларға енгізу, – деді ол.
Кассель университетінің профессоры, Германиялық сарапшы Эрих Хельмут Фрайтаг конференцияны тиімді халықаралық тәжірибе алмасу және ғылыми ынтымақтастық алаңы ретінде жоғары бағалады.
Украинаның В.Н. Каразин атындағы Харьков мемлекеттік университеті ботаникалық бағы директорының орынбасары Александр Алехин өз баяндамасында оқу орны базасында жүргізілген зерттеулер нәтижесімен бөлісті. Онда Жамбыл облысының қызғалдақтарына жүргізілген ғылыми талдаулар ұсынылды.
Қырғызстаннан келген Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, география ғылымдарының кандидаты Алмагүл Кендірбаева жабайы қызғалдақтарды сақтау бойынша нақты ұсыныстар айтты. Ол табиғи популяциялардың осалдығын атап өтіп, халықаралық ынтымақтастық пен көзқарастың қажеттілігін ерекше атады.
– Жамбыл облысы – қызғалдақтардың алтын бесігі. Табиғат жанашырлары үшін бұл өңірде көктемде гүл ашқан қызғалдақты көру – сирек әрі ерекше сәт. Қызғалдақты сақтау жолындағы игі істеріңізге сәттілік тілеймін, – деді қырғызстандық ғалым.
Конференцияда сонымен қатар ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарк жөніндегі Қазақстан ұлттық комитетінің төрағасы Саида Нығматова, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты Татьяна Пирогова, «Жабағылы-Манас» тау клубының төрағасы Елена Ефимова және осы ұйымның жобалар үйлестірушісі Рауф Сәбитов пікір білдірді. Олар табиғи мұраны сақтау, ғылыми зерттеулер мен экотуризмді үйлестіру мәселелерін қозғады.
Жиын қорытындысы ретінде конференция қатысушылары арнайы қарар қабылдады. Онда Грейг, Кауфман және Регель қызғалдақтарын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік табиғи мұралар тізіміне енгізу, сондай-ақ Кіші Қаратау аймағында қызғалдақтардың генетикалық қорын сақтау мақсатында геопарк ұйымдастыру ұсынылды.
Қызғалдақ — тек гүл емес, халықтардың достығы мен табиғатты сақтау жолындағы ынтымақтастық символына айналып келеді. Тараз төрінде өткен бұл конференция соның жарқын дәлелі болды.