Шекара шебіндегі серт
Бүгінде шекара шебінде қызмет ету — Отан алдындағы қасиетті борыш, ерекше миссия. Шекара қызметінің сарбаздары күн сайын тәуекелге толы ортада, кәсібилік пен табандылықты талап ететін жағдайларда қызмет атқарады. «Даңқ үшін емес, Держава үшін!» деген ұран олар үшін жай ғана сөз емес — бұл олардың ішкі сенімі мен өмірлік ұстанымына айналған қағида, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Санжар Сабыр бала күнінен тәртіпке бейім, жауапкершілігі жоғары, ұстаздары мен қатарластарының құрметіне ие болып өсті. Оның бойына патриоттық сезімді, адалдық пен төзімділікті әкесі Талғат пен анасы сіңіріп өсірген. Осындай тәрбиенің арқасында бүгінгі таңда Санжар Қазақстан Республикасының Шекара қызметінде Отан алдындағы борышын өтеп жүр.
Шекара қызметі — мемлекетіміздің мемлекеттік шекарасын күзету және қорғау міндетін атқаратын арнаулы орган. Бұл қызметтің басты мақсаты — еліміздің аумақтық тұтастығы мен егемендігін, ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Шекарашылар шекаралық бақылауды жүзеге асырып, заңсыз көші-қонмен, контрабандамен, адам саудасымен және басқа да қылмыстармен күреседі. Санжар осындай жауапты қызметте тәжірибелі әріптестерінен үйреніп, өз білім-білігін бөлісу арқылы еліміздің мызғымас қалқанына айналуға ұмтылуда.
Шекара қызметі — тек әскери міндет қана емес, сонымен қатар жеке тұлғаның дамуына жол ашатын орта. Санжар бұл қызмет барысында тактикалық дайындықтан бастап, заманауи технологияларды меңгеруге, құқық саласындағы білімін тереңдетуге дейінгі көптеген құнды тәжірибе жинауда. Бұл дағдылар оның болашағына, азамат ретінде қалыптасуына зор ықпал етеді. Шекара қызметінде жинақталған тәжірибе оны тәртіпке баулиды, жауапкершілікке үйретеді және ұлы мақсат жолында жан аямай қызмет етуге дайындайды.
Шекарашылар — еліміздің тыныштығы мен тұтастығын қамтамасыз ететін нағыз қаһармандар. Санжар Сабыр сынды жас сарбаздардың еңбегі — болашақ ұрпаққа үлгі, ел қорғанының жарқын бейнесі.