Шекара бекеттері жаңғыртылып жатыр

0 140

Облысымызға жұмыс сапарымен келген Премьер-Министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының шекаралық өткізу пункттерін жаңғырту жөніндегі тапсырмасының орындалу барысын тексерді. Сапар барысында Үкімет басшысы Қырғыз Республикасымен шектесетін «Қордай» және «Қарасу» автокөлік өткізу бекеттерінде болып, жай-күйімен және даму жоспарларымен танысты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев пен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі директоры орынбасарының міндетін уақытша атқарушы Ұлан Абиков өткізу бекеттеріндегі инфрақұрылымдық ахуал, жұмыс барысы және алдағы жоспарлар туралы есеп берді. Бұған қоса, Премьер-Министрдің тапсырмасы аясында жүргізілген қызметтік тексерулердің нәтижелері тыңдалды.

Бүгінгі таңда Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен шекарада 39 автокөлік өткізу пункті жұмыс істеп тұр. Екеуінде жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Қалған он пунктте, соның ішінде Қазақстан–Ресей шекарасында, жаңғырту жұмыстары басталып кеткен. Бұл жұмыстар аясында өзге де өткізу бекеттері кезең-кезеңімен қамтылатын болады.

Жаңғыртудан өткен «Қордай» бекетінде қозғалыс жолақтарының саны екі есеге артты – бұрынғы 4 жолақтың орнына қазір 8 жолақ жұмыс істейді. Төлқұжаттық бақылау кабиналары да екі еселеніп, 40-қа жетті. Бұл өткізу мүмкіндігін жолаушылар бойынша 4 есеге, ал автокөлік ағыны бойынша 2,7 есеге арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Ал, «Қарасу» өткізу пунктінде жаңғырту жұмыстары енді басталды. Жоба аяқталған соң, бұл бекет арқылы тәулігіне 2 мыңнан астам көлік құралы өтетін болады. Сонымен қатар, жүк тасымалы мен көлік қозғалысын оңтайландыруға бағытталған инфрақұрылым жасақталады. Барлық жұмыстар шекаралық инфрақұрылымды қазіргі заман талаптарына сәйкестендіруді көздейді.

Премьер-Министр шекарадағы нысандардың халықаралық жолаушылар мен жүк тасымалын қамтамасыз етудегі маңызын ерекше атап өтіп, оларды қайта жаңғырту Мемлекет басшысының тікелей бақылауында екенін жеткізді. Жөндеу жұмыстарының сапасы мен мерзіміне ерекше мән беріп, тиісті мекемелерге жұмысты жылдамдату, цифрлық рәсімдеуді енгізу және азаматтарға қолайлы жағдай жасау туралы нақты тапсырмалар берді.

Жұмыс сапары барысында Үкімет басшысына «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойында жүзеге асырылатын ірі жоба – индустриялық-сауда-логистикалық кешеннің құрылысы туралы баяндалды. Бұл кешен болашақта тауарларды сақтау, өңдеу және тарату бойынша өңірлік хабқа айналмақ. Премьер-Министр жобаны іске асыруда байқалған құрылыс жұмыстарының баяулығын сынға алды. Мәселені шұғыл шешіп, жұмыс қарқыны мен сапасына ерекше назар аудару қажеттігін ескертті.

Үкімет басшысының бұл сапары шекаралық инфрақұрылымды дамыту ісіне серпін беріп, өңірлік және халықаралық қатынастарды нығайтуға бағытталған нақты қадамдарға жол ашып отыр.