«Шалғай Қарасу» алқабына су құбыры тартылуда

0 81

Елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – мемлекеттің әлеуметтік саладағы маңызды жобасы. Ауыл-аймақтар мен шалғай елдімекендердегі инфрақұрылым жүйесін жақсарту: ауыз су, газдандыру, байланыс, электр энергиясын жүйелі тарту дамыған елдерге тән өркениеттілік белгісі, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Осы орайда Таразда қаланың шет аймақтарына ауыз су тарту жұмыстары жоспарлы қолға алынған. Соның бірі – «Шалғай Қарасу 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7» алқаптарын орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету жобасы. Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасынан тиісті рұқсат құжаттары алынып, құрылыс жұмыстары басталды.

Жалпы тартылатын құбырдың ұзындығы – 82,5 шақырым. Мердігер мекеме «Байсын А» ЖШС мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жеңімпаз деп табылды. Ал техникалық қадағалаушы – «GRAND URBAN» ЖШС.

Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил жаңа басталған құрылыс жұмыстарымен танысып, мердігерге құрылыс сапасының маңыздылығын ескертті.