Шалғай ауылдарда балалар ойын алаңшалары пайдалануға берілді

0 40

Қордай ауданында ауыл балаларына қуаныш сыйлайтын игі іс атқарылды. Аудан әкімі Бегзат Болатбековтың бастамасымен Степное ауылдық округіне қарасты екі елдімекен – Арал мен Қалғұтыда заманауи балалар ойын алаңшалары салынды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Балаларға арналған жаңа нысандардың ашылуы – ауыл тұрғындарының көптен күткен тілегі болатын. Енді бұл алаңшалар кішкентайлардың бос уақытын тиімді өткізіп, белсенді өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді.

Салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімдігі спорт бөлімінің басшысы Ғалым Алимжанов, Степное ауылдық округінің әкімі Мадияр Қарабаев, ауыл ақсақалдары, ата-аналар және балалар қатысты.

Шарада сөз алған Ғалым Алимжанов бұл нысандардың тек ойын-сауық орны емес, балалардың денсаулығын нығайтуға, тұлғалық дамуына оң әсер ететін маңызды әлеуметтік жоба екенін атап өтті.

Ауыл ардагерлер кеңесінің төрағасы Аршат Ибрагимов өз сөзінде:
– Балалар – біздің болашағымыз. Олардың жақсы өсіп-жетілуі үшін осындай қауіпсіз, заманауи орта қажет. Бүгінгі игі бастама – ел ертеңіне жасалған нақты қадам, – деп алғысын білдірді.

Ата-аналар да қуаныштарын жасыра алмай, енді балалары алаңсыз ойнап, еркін демала алатынын айтып, жергілікті билікке ризашылықтарын жеткізді.

Жаңа алаңшаларда әткеншек, сырғанақ, өрмелеуіш және спорттық жаттығу құралдары орнатылған. Барлық құрылғылар әртүрлі жастағы балаларға бейімделіп, қауіпсіздік талаптарына сай жасалған.

Жобаны жүзеге асырушы – «Қаратаев» жеке кәсіпкерлігі. Мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтаған.

Аудан әкімдігі алдағы уақытта да шалғай ауылдарды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын жалғастыра беретінін мәлімдеді.

Бұл бастама – ауылдағы өмір сапасын арттыруға, балалардың дені сау, бақытты ұрпақ болып өсуіне жасалған нақты қадам.