Сенат төрағасы Жамбыл жұртшылығымен кездесті

0 380

Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев жергілікті мәслихат депутаттарымен, жұртшылықпен және жастармен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін талқылады. Кездесулер барысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау, өңірлердің әлеуетін толық іске асыру және заңнамалық қолдаудың сапасын арттыру жолдары сөз болды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Облыстық мәслихатта өткен жиында палата спикері Президент бастамасымен қолға алынған реформалардың тиімді жүзеге асуы үшін орталық пен өңірлік деңгейдегі өкілді органдар арасындағы үйлесімді әріптестікті одан әрі күшейтудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, өңірлердің дамуы мен халықтың әл-ауқаты бірінші кезекте нақты шешімдер мен бірлескен әрекетке байланысты. Мәулен Әшімбаев Жамбыл облысын экономикалық өсімі тұрақты аймақ ретінде атай отырып, бұл әлеуетті толық пайдалану үшін өндірісті, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған жобалардың өзектілігіне тоқталды. Сонымен қатар, ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген міндеттер аясында инвестиция тарту, жаңа технологиялар енгізу және жаңа жұмыс орындарын ашудың өңір үшін стратегиялық маңызы бар екенін айтты.

Сапар барысында Сенат төрағасы Байзақ ауданындағы «Мейірім» балабақшасына барып, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты. Балабақша 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр, ал бүгінде мұнда 125 бала тәрбиеленуде. Бағдарлама ауыл халқының өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты нәтижелі бастама ретінде бағаланды.

Тараз қаласында орналасқан облыстық әлеуметтік оңалту орталығына да арнайы барған Мәулен Әшімбаев мұнда бірінші және екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға және қарттарға арналған жағдайлармен танысты. Сенат төрағасы әлеуметтік қолдаудың маңыздылығына тоқталып, мұндай орталықтардың қоғамдағы әлсіз топтарға арналған нақты көмек үлгісі екенін жеткізді.

Сенаторлар өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі – шыны өнімдерін шығаратын «JS GLASS» зауыты мен ауылшаруашылығына арналған тыңайтқыштар өндіретін кәсіпорында да болды. Өндіріс орындары жаңа технологияларды енгізіп, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп келеді.

Сапар аясында Мәулен Әшімбаев Жамбыл облысының белсенді жастарымен кездесіп, олардың ой-пікірлерін тыңдады. Президент бастамасымен іске асырылып жатқан жастарды қолдау бағдарламалары жөнінде кеңінен сөз қозғалды. Сенат төрағасы қазіргі заманның басты құндылығы – білім мен интеллектуалдық даму екенін айтып, жастарды үздіксіз оқуға, заманауи технологияларды игеруге және ұлт болашағы үшін жауапкершілікпен қарауға үндеді. Оның айтуынша, Президент ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасы – әрбір жасқа бағыт сілтейтін рухани бағдар болуы тиіс. Мәулен Әшімбаев Сенат жанындағы «Талдау мектебі» мен Сарапшылар клубы секілді жобалардың мақсаты – жас буынды мемлекеттік басқаруға тарту, олардың кәсіби және азаматтық әлеуетін арттыру екенін жеткізді.

Кездесулер барысында Сенат пен мәслихаттардың бірлескен жұмысы, заңнамалық процестегі өзара ықпалдастық және өңірлік бастамаларды қолдау бағыттары да кеңінен қозғалды. Палата төрағасы жергілікті мәселелерді шешуде халықпен кері байланысты нығайту, тиімді шешім қабылдауға мәслихаттардың атсалысуы аса маңызды екенін баса айтты.