Сарбаздар елге адалдық антын берді
Тараз қаласы Жеңіс саябағында көктемгі әскерге шақырылған сарбаздардың әскери ант беру салтанаты өтті. Бауыржан Момышұлы атындағы бесінші механикаландырылған бригаданың 245 жас жауынгері Отанға адал болуға серт берді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Ант қабылдау — әрбір жас сарбаздың өміріндегі ерекше әрі маңызды кезең. Бұл — азаматтық міндеттің әскери борышпен ұштасып, ел қорғау жолындағы жауапкершіліктің басталатын сәті. Салтанатты іс-шараны «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері бойынша қолбасшысы, генерал-майор Ержан Ибраев басқарды. Ол бұл рәсімнің Мәңгілік алау мен даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының ескерткіші жанында өтуінің маңыздылығына тоқталды.
— Кеңес Одағының Батыры, әскери стратег, аңыз тұлға — Бауыржан Момышұлы еліміздің жауынгерлік рухының символы. Бүгінгі жас сарбаздар сол ерліктің үлгісін көкейге тоқып, соның жолын жалғауға серт беріп отыр. Бұл — үлкен құрмет әрі тарихи жауапкершілік, — деді генерал-майор Ержан Ибраев.
Сарбаздардың ант қабылдауға дайын екендігін полковник Жәнібек Құранбеков растады. Ол аталған бригаданың командирі ретінде сарбаздарды алғашқы әскери дайындықтан өткізген. Бір ай ішінде жас жауынгерлер саптық тәртіпті, әскери тактиканы, атыс дайындығын меңгеріп, бронетехникамен жұмыс істеуді тәжірибе жүзінде үйренді.
— Әскери ант — өмірде бір-ақ рет берілетін серт. Бұл балалар бүгін қарапайым азаматтан нағыз сарбазға айналды. Енді олар ел үшін жауапкершілік арқалаған Отан қорғаушылар, — деді Ауған соғысының ардагері, генерал-майор (запастағы) Әлімжан Ерниязов.
Салтанатты сәтке сарбаздардың ата-аналары да арнайы қатысып, ұлдарының әскери өмірге қадам басқан сәтіне куә болды. Олар үшін де бұл — толқыныс пен мақтанышқа толы күн.
— Бір айдың ішінде ұлымды танымай қалдым – бұрынғыдай емес, байсалды, жинақы, көзқарасы өзгерген. Армия оны шыңдады. Бұл — әр ата-ана үшін үлкен мақтаныш, — деді сарбаз Камалетдин Османовтың анасы Мәлика Османова.
Сарбаздардың өздері де бұл күнге үлкен жауапкершілікпен дайындалғандарын жасырмады. Олар үшін — өмір жолындағы жаңа белес, ел алдындағы борышты сезінудің ерекше сәті.
— Отан алдындағы ант – үлкен құрмет әрі жауапкершілік. Біз осы күнді асыға күттік, — деді бесінші механикаландырылған бригаданың жас сарбаздары Кенесары Жарылқасын мен Вадим Михайлов. – Әскери өмірдің алғашқы айы оңай болған жоқ, бірақ біз өзімізді шыңдап, ерлікке лайық болуға тырыстық. Енді нағыз сарбаз ретінде қызметімізді абыроймен атқаруға дайынбыз.
Ант қабылдаған соң сарбаздар алдағы қызметтерінде әскери шеберліктерін одан әрі жетілдіріп, жауынгерлік дайындықтарын нығайтатын болады. Командалық құрам өкілдері сарбаздарға зор сенім артатынын жеткізіп, оларды Бауыржан Момышұлы сынды даңқты қолбасшының жолын жалғастыруға шақырды.
— Жастар – ертеңгі ел тірегі. Біз оларға сенеміз. Олар әскери қызмет арқылы тек жауынгерлік машықты ғана емес, тәртіп, төзімділік, патриотизм сынды қасиеттерді де бойына сіңіреді. Бүгінгі ант – соның бастауы, — деді полковник Жәнібек Құранбеков.
Ант қабылдау сынды ерекше рәсім — жас сарбаздың өмірінде ұмытылмас сәт. Бұл күн олар үшін ел мен жер алдындағы адал қызметтің алғашқы беті. Отан қорғаушылардың қатарына ресми түрде қосылған жастар енді Қазақстан армиясының абыройын асқақтатып, тәуелсіздік туын берік ұстауға бар күштерін салады.