Сан саладағы қауырт жұмыс…

0 302

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек биылғы атқарылған жұмыстардан хабардар етті. Облыс әкімінің орынбасары өзі жетекшілік ететін энергетика, автомобиль жолдары, құрылыс сапасын бақылау және төтенше жағдай бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы атқарылатын тірлікті әңгімеледі. Мәселен, ауызсу, электр, жылу энергиясы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, газ саласы, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы, жол, көлік, темір жол, мемлекеттік сәулет құрылысын бақылау және төтенше жағдай салалары бойынша жеке-жеке тоқталды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Өңірде 371 елді мекен бар. 4 қала және 367 ауылдық елді мекен. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алдағы екі жылда қала және ауылдық елді мекендерді сапалы ауызсумен толық қамтамасыз ету қажет.

Қазір ауызсумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу көрсеткіші халық санымен санағанда қалаларда 97, (513,4 мың адам), ауылдық елді мекендерде 94,9 пайыз (655,7 мың адам) болып отыр. Ауызсумен қамтамасыз етілмеген 54 ауылдық елді мекен (35,4 мың адам) және Тараз, Шу қалалары бойынша 10 тұрғын алқап қалды (6,9 мың адам). Ағымдағы жылы ауызсуға республикалық және жергілікті бюджеттен жалпы 21,5 миллиард теңге бөлініп, 68 жоба іске асырылуда. Республикалық бюджеттің 2025 жылғы жоспарын қалыптастыруға 23,9 миллиард теңгеге 30 жоба ұсынылды.

Облыста 24 компания электр энергиясын өндірумен айналысады. Олардың жалпы қуаты 1844 меговатт («ЖГРЭС» АҚ — 1230, «Таразэнергоорталық» АҚ — 43 , 22 ЖЭК — 571,3 меговатт). Еліміздің оңтүстік бөлігінде «Жамбыл ГРЭС» компаниясы ең ірі электр энергиясын өндіруші болып табылады. Стансада 6 энергоблок бар. Жалпы 1230 меговатт электр энергиясы өндіріледі. Осы компания инвестициялар есебінен алдағы 3 жылда 115,0 миллиард теңгеге қуаты 210 меговатт электр энергиясын өндіретін газ-турбиналық стансасының құрылысын іске асырады. Өңірде жалпы қуаты 571,3 меговатт құрайтын 22 жаңартылатын энергия көздері бар, — деген Қанатбек Қайшыбекұлы оның бәрін жеке-жеке атап өтіп, республикадағы ең жоғары көрсеткіш екенін еске салды.

Иесіз электр желілері туралы да хабардар еткен облыс әкімінің орынбасары бұл бағытта иесіз қалған желілерді коммуналдық меншікке алу бойынша «Жол картасы» әзірленгенін айтып, жұмыс алдағы жылы толық аяқталатынын жеткізді. Облыстың отын-энергетика кешендерімен алдағы жылыту маусымына дайындық шараларына жалпы 15,3 миллиард теңге қаралыпты. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы 350,7 шақырым көрінеді. Олардың тозу деңгейі — 55,5 пайыз.

— Тараз қаласындағы «М-1» жылу магистралының 6,1 шақырымын 7,1 миллиард теңгеге қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Биыл жоспарлы 6,1 шақырым жылу желісінің 4,6 шақырымы ауыстырылады. Сондай-ақ Қаратау қаласының 3,9 (342,5 миллион теңге) және Жаңатас қаласының 700 метр жылу желілері (148 миллион теңге) қайта жаңарды. Қаратау қаласындағы резервтік мазут шаруашылығын (653,9 миллион теңге) және жеке қазандығын қайта жаңғырту (680,8 миллион теңге), Жаңатас қаласының орталық қазандығын мазут-газбен жұмыс істеуге ауыстыру (4,2 миллиард теңге) іске асырылуда. Бұл жобаларды тиімді аяқтау үшін облыс әкімі Ербол Шырақбайұлының қолдауымен қаржы мәселесі шешілді. Алдағы жылыту маусымына Жаңатас қаласының жылу қазандығына 11,9 мың тонна мазут алуға қажетті 1,6 миллиард теңге облыстық бюджеттен берілді.

Жылыту маусымында тұрғындар 145,0 мың тонна көмір тұтынады. Ал бюджеттік ұйымдардың көмір тұтыну жоспары 63,0 мың тонна. Бүгінгі күнге бюджеттік ұйымдарға 38,4 мың тонна көмір жеткізілді.

Облыстың 4 қаласында жалпы 1831 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 599-ы қанағаттанарлық жағдайда (32 пайыз), 561-і күрделі жөндеуден өткен (30 пайыз), 671-і жөндеуді қажет етеді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту аясында 2011-2023 жылдары аралығында республикалық және жергілікті бюджеттен жалпы 17,0 миллиард теңгеге 561 тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар ағымдағы жылы жалғасын тауып, жалпы 5,9 миллиард теңгеге 79 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтуде. Оның ішінде Тараз қаласында — 53, Жаңатас қаласында – 12, Шу қаласында — 10 және Құлан ауылында — 4 үй. Нәтижесінде, жөндеуді қажет ететін үйлердің үлесі 32,3 пайызға төмендейді.

Жамбыл облысына табиғи газ «Бейнеу-Бозой-Шымкент», «Бухара газнасосты аумақ — Ташкент, Бішкек, Алматы», «Қазақстан-Қытай» магистральдық газ құбырлары және «Амангелді газ» кенішінен тасымалданады.

Облыстың 2024-2040 жылдарға арналған өңірлік газ балансы бекітілді. Қазір тұтынылатын газдың көлемі жалына 2,2 миллиард текше метрді құрайтын болса, 2030 жылға қарай 4,8 миллиард, 2040 жылға 6,0 миллиард текше метр болады. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің бастамасымен оңтүстік өңірлердің газ балансын қамтамасыз ету үшін Энергетика министрлігі Катарлық инвестормен бірлесе «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының 2-ші желісінің құрылысын 2025-2027 жылдары іске асыруды жоспарлануда. Нәтижесінде, газ құбырының өткізу қабілеті жылына 30 миллиард текше метрге дейін ұлғаятын болады. Бүгінгі күнге, 285 елді мекен табиғи газбен қамтылған.

Халық санымен газдандыру деңгейі 91,1пайызды құрайды, елді мекен санымен көрсеткіш — 76,8 пайыз. 38 елді мекенді газдандыру бойынша жалпы 8,5 миллиард теңгеге 12 жобаның құрылысы жүргізілуде. «Самрұқ-Қазына» АҚ дивиденді — 3 076,514 миллион теңге; Ұлттық қор —  4 111,259 миллион теңге; Жергілікті бюджет — 1 305,275 миллион теңге.

Оның ішінде, 2019 жылдан бастап Сарысу ауданының 14 елді мекенін, Шу ауданының 18 елді мекенін газдандыру және «Еврохим», «Шу» автоматты газ тарату стансаларының құрылысы іске асырылуда. Бұдан бөлек, Қордай ауданындағы Қарасай, Еңбек, Керу ауылдарын газдандыру, Жуалы ауданының Билікөл ауылдық округіне магистралды газ құбырын салу және Қарабастау, Жылыбұлақ ауылдарын газдандыру, Жамбыл ауданындағы Жаңаөткел, Тоғызтарау, Құмсуат ауылдарына және Талас ауданындағы Майтобе, Қожағаппар ауылдарына жоғарғы қысымды газ құбырларын салу жобаларының құрылысы жүруде. Сонымен қатар, Мойынқұм ауданының 9 елді мекенін (Айдарлы, Бірлік, Биназар, Назарбеков, Көкжелек, Күшаман, Жамбыл, Мойынқұм, Қылышбай) газдандыру жобасының бірінші кезеңі бастау алып, жақын арада бастапқы 3 елді мекенге (Айдарлы, Бірлік, Биназар) таратушы газ құбырларын салу жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда облыс бойынша газдандырылмаған 86 елді мекен бар. Оның ішінде, 38 елді мекенде құрылыс жұмыстары жүруде, 13 елді мекенге жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, бюджеттік өтінім тапсырылды. 2 елді мекенге жоба-сметалық құжаттары әзірленуде, 33 елді мекенде халық саны аз болуына (200 адамнан төмен) байланысты газдандыру кейінгі жылдарға жоспарлануда.

2012-2019 жылдары аралығында табиғи газбен қамту саласында 118 нысан пайдалануға берілген. Бүгінгі күнге оның 55-і Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментіне тапсырылып, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның меншігіне беру жұмыстары жүргізілуде. Қалған 63 нысан бойынша қажетті құжаттары әзірленуде, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жайлы да Қанатбек Мәдібек бұл шара басталғалы бері атқарылған тірлікті журналистерге кеңінен баян етті. Санитарлық тазалау, көгеріштендіру және абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын, бүгінгі күнге ұйымдастырылған сенбіліктерге өсім бойынша жалпы 700 мыңнан астам өңір тұрғындары, ардагерлер, жастар, үкіметтік емес ұйымдар мен этнос өкілдері атсалысқан. Оның ішінде 20 мың ерікті, 6 мыңға жуық кәсіпорын, мекемелер қатысыпты. 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумағы, 818 шақырым канал мен арық жүйелері, 129 мың аулалар мен 4,5 мың шақырым көше жолдары тазартылса керек. 16 мың тонна қоқыс шығарылып, 60 мыңға жуық көшеттер отырғызылыпты. Бұл жұмыстарға жалпы 958 бірлік техника жұмылдырылған.

Хабарламашы «Экологиялық акцияның» шеңберінде облыста «Үлгілі ауыл» конкурсын өткізу жоспарланып отырғанында жеткізді. Бүгінде, конкурстың Ережесі бекітіліп, комиссия құрамы жасақталуда екен. Конкурстың жеңімпаздарына арнайы жүлделер қарастырылған. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» акциясының ақпараттық сервисі іске қосылып, «телеграмм-бот» арқылы өтінімдер қабылдануда. Осы орайда, өңір тұрғындары санитарлық тазалық пен абаттандыру мәселелеріне қатысты өтінімдерді «телеграмм-бот» арқылы жолдауларына болатыны еске салды, Қанатбек Қайшыбекұлы.

Жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің желісі бүгінде 10084 шақырымды құрайды екен. Оның 6041 шақырымы жақсы, 2519 шақырым қанағаттанарлық, 1524 шақырым нашар жағдайда көрінеді. Бүгінгі таңда 357 жобаның шеңберінде 690,5 шақырым жол жөндеу жұмыстары іске асырылуда. Оның ішінде 671,0 шақырым жолды орта жөндеу, 1 көпір мен 16,5 шақырым көше жолдары құрылысы және 3,0 шақырым жолды қайта жаңғырту жоспарланыпты.

— «ҚР көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» аясында – облыстық және аудандық мәні бар жолдар бойынша 34 жоба немесе 164,2 шақырым жөнделеді. Жөндеу жұмыстары толық аяқталған соң жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 99 пайызға (жақсы – 65, қанағаттанарлық – 34 пайыз) жеткізу межеленген. Елді мекен көше жол желісі бойынша жалпы ұзындығы 5726 шақырымды құрайды, оның 3321 шақырымы жақсы жағдайда болса, 1203 шақырымы қанағаттанарлық жағдайда. Қанағаттанарлықсыз  1202 шақырымды құрап отыр. Ағымдағы жылы «Ауыл — ел бесігі», «Өңірлерді дамыту», «Моноқалаларды дамыту» бағдарламары және Аудандық, қалалық бюджеттердің есебінен  323 жоба немесе 526,3 шақырым жол жөнделетін болады. Нәтижесінде, елді мекен көшелері бойынша көрсеткіш 87 пайызға (жақсы – 67 пайыз, қанағаттанарлық  20 пайыз) жеткізілмек.

2025 жылдың жоспарына келетін болсақ, 189,6 шақырым жергілікті маңызы бар автожолдарды, 150 шақырым елді мекен көшелерін орта жөндеу жоспарлануда. Жол жөндеу жұмыстарының сапасын қадағалау «Жол активтерінің сапа орталығымен» келісімшарт негізінде жүргізіледі (205,0 миллион теңге).

Мерзім ішінде сапа орталығымен 840 жерге шығып, зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 2642 сынама алынды. Нәтижесінде, 263 (республика – 233 жергілікті – 30) ескертулер беріліп, жұмыс тәртібінде жою жөнінде шаралар қабылданды.

Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1194 шақырымды құрайды. 2020-2025 жылдың жоспарына сәйкес, қайта жаңарту жұмыстары 473 шақырымды құрайды, олар «Меркі-Бурылбайтал» — 266, «Балқаш-Бурылбайтал» — 145, «Күрті-Бурылбайтал» 62 шақырым жобаларында жүргізілуде. Күрделі жөндеу 68,4 шақырымды құрайды, атап айтсақ — «Шу-Қайнар» — 56, Ескі «Күйік» асуы 12,4 шақырым.

Аталған жобалар толық іске асырылып, пайдалануға берілген соң, республикалық жолдар бойынша жақсы жағдайдағы жолдардың үлесін 97,3 пайызға жеткізу жоспарлануда.

Жалпы жергілікті маңызы бар жолдарды 2024 жылғы қараша-желтоқсан айларында қысқы күтіп ұстауға 312,7 миллион теңге қаржы қарастырылды. Бұл жұмыстарға 23 мердігерлік ұйымдар тартылып, 189 бірлік арнайы қыстық техникалар мен жабдықтарды жұмылдыру, сондай-ақ 12000 тонна тайғақтыққа қарсы материалдарды әзірлеу жоспарлануда, — деді Қанатбек Мәдібек.

Облыс әкімінің орынбасары өзі жетекшілік жасайтын басқа да салалардағы қауырт жұмыстан толыққанды мәлімет беріп, журналистердің сұрақтарына нақты жауап қайтарды.