Рухты жаңғыртқан қос той
Шу ауданының 95 жылдығы мен қазақтың қайсар ұлы, әнші, палуан, ақын Балуан Шолақтың 160 жылдығына арналған мерекелік іс-шара Әулиеата өңірінің рухани өміріндегі елеулі оқиғаға айналды. Салтанатты жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, аудан жұртшылығын тарихи қос мерейтоймен құттықтады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Аудан орталығы мейрам шуағына бөленіп, салтанатты жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ардагерлер, мәдениет майталмандары мен тұрғындар жиналды. Алдымен ақшаңқан киіз үйлердің есігі айқара ашылып, ұлттық қолөнер бұйымдары мен өлкенің тарихи-мәдени келбетін бейнелейтін көрмелер көпшілік назарына ұсынылды.
Мерекелік жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Шу өңірінің тарихтағы маңыздылығына ерекше тоқталып, ауданның бүгіні мен болашағына қатысты жүрекжарды лебізін жеткізді.
– Шу – тек географиялық ұғым емес, ол – қазақ тарихының алтын діңгегі. Бұл өңір ежелден Ұлы Жібек жолының бойындағы мәдениет пен сауданың күретамыры болған. Қазақ хандығының шаңырағын көтерген бабаларымыздың ізі де осы топырақпен байланысты. Бүгінгі таңда Шу тоғыз жолдың торабында орналасқан стратегиялық маңызды аймақ ретінде жаңаша даму жолына бет алды. Бұл – тұрғындардың бірлігі мен еңбекқорлығының нәтижесі, – деді өңір басшысы.
Облыс әкімі Балуан Шолақтың да ел тарихындағы орнына ерекше тоқталып, оның өнер мен ерлік жолындағы өнегесі ұрпақ тәрбиесінде ерекше мәнге ие екенін атап өтті.
– Балуан Шолақ – алып күштің иесі ғана емес, рух пен өнердің дара тұлғасы. Оның әндері мен өлеңдері халықтың жанын тербеп, рухын көтерді. Ол – әділдік пен еркіндіктің, намыс пен парасаттың жарқын көрінісі. Біз осындай біртуар тұлғаларды ұлықтай отырып, ұрпақтың бойына ұлттық рух пен елдік сананы дарытамыз. Бүгінгі мереке – өткенге тағзым, бүгінге құрмет, болашаққа сенім, – деді Ербол Қарашөкеев.
Мерекелік іс-шарада мемлекет және қоғам қайраткері Бөрібай Жексенбин, Балуан Шолақтың өмірі мен өнерін зерттеп жүрген техника ғылымдарының кандидаты, кәсіпкер Марат Нәбиев және баба мұрасын жалғаушы ұрпағы, немересі Шайдулла Шолақов та сөз алып, тың ойларымен бөлісіп, елге ақжарма тілектерін арнады.
Өнерпаздар арнайы концерттік бағдарлама ұсынып, көпшілікке шаттық пен көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ел рухын көтерген кеш барысында ұлттық спорт ойындары да назардан тыс қалмады. Қос мерейтой құрметіне орай қазақ күресінен республикалық ашық турнир, жастар арасында «Мәре» көкпары және бәйгеден облыстық ашық жарыс ұйымдастырылды.
Мерекелік іс-шара аясында өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда Балуан Шолақтың тұлғалық болмысы мен тарихи орны жан-жақты зерделенді. Сондай-ақ «Қазақтың Балуан Шолағы» атты жаңа кітаптың тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.
Шу жеріндегі бұл тағылымды мереке – елдің тарихи жады мен рухани бірлігінің айғағы іспетті. Қос мерейтой жұрттың жүрегіне қуаныш сыйлап, өткеннің өнегесін, бүгіннің мерейін, болашақтың үмітін ұштастырған шынайы елдік тойға айналды.