Рухани тұрақтылық пен ұрпақ тәрбиесі – ортақ міндет

0 138

Облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың, тиісті басқарма басшылары мен өңір имамдарының қатысуымен кеңейтілген жиын өтті. Басқосуда қоғамдағы рухани тұрақтылықты сақтау, жастар тәрбиесі, діни ахуалдың өзекті мәселелері мен дін қызметкерлерінің қоғамдағы рөлі кеңінен талқыланды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Кездесуді ашқан Серік Жақсылықұлы имамдармен пікір алмасып, дін мен мемлекеттің өзара үйлесімді іс-қимылы – ел бірлігі мен татулықтың кепілі екенін атап өтті.

– Бүгінгі басқосудың негізгі мақсаты – қоғамдағы рухани тұрақтылықты, тәртіп пен тазалықты, ұрпақ тәрбиесін бірлесе талқылап, оны іске асырудың нақты жолдарын айқындау. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» акциясы мен «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы – халқымыздың дәстүрі мен діни танымына толық сай бастамалар. Асыл дініміз де адам баласын имандылыққа, білімге және бірлікке үндейді. Сондықтан осы құндылықтарды халыққа жеткізу – бәріміздің ортақ борышымыз, – деді Серік Сәлемов.

Сонымен қатар, Серік Жақсылықұлы Президент қол қойған ішкі саясатты жетілдіру жөніндегі жаңа Жарлықтың дін саласына қатысты маңызды тұстарын да атап өтті. Атап айтқанда, зайырлылық қағидаттарын ілгерілету, конфессияаралық келісім мен дінаралық толеранттылықты нығайту, дін атын жамылған радикалды идеяларға қарсы тұру, сондай-ақ дін саласындағы ахуалға тұрақты мониторинг жүргізудің қажеттілігіне тоқталды.

Жиында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыс бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы да сөз сөйлеп, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– ҚМДБ қызметі қазіргі таңда төрт негізгі бағыт бойынша жүзеге асып келеді: «Дін мен дәстүр», «Жат ағымдардан сақтану», «Ихсан және насихат» және «Діни оқу-ағарту». Осы бағыттар аясында түрлі бағдарламалар мен жобалар қолға алынып, қоғамның діни сауатын арттыру, имандылық құндылықтарын дәріптеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, «Asyldin.kz» сайты мен «Munara TV» арнасы арқылы аймақтық ақпараттық материалдар үздіксіз жарияланып, әлеуметтік желілерде де кеңінен насихатталуда, – деді бас имам.

Сондай-ақ облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Сәкен Сәрсенбайұлы дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы алдағы жоспарлармен бөлісті. Ол дін саласындағы ашықтықты, ақпараттық-ағартушылық жұмысты және жастармен жүйелі байланыс орнатуды күшейтудің маңызын атап өтті.

Кездесу соңында тараптар ел бірлігі мен қоғамдағы рухани тұрақтылықты сақтауда имамдар мен дін қызметкерлерінің белсенділігін арттыру, жастар арасында радикалды идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыру бағытында бірлескен іс-шаралар жоспарын талқылады.

Бұл кездесу қоғам мен дін өкілдерінің өзара ынтымақтастығын нығайтуға, ортақ құндылықтар мен ұлттық рухани мұраларды сақтау ісін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болды.