«Робот-полицей» интернет алаяқтарына қарсы күреске шығады
Қазақстанда жасанды интеллект негізінде құқық бұзушылықты анықтайтын жүйе әзірленеді. Жамбыл облысының тұрғындары алаяқтардың түрлі қитұрқы айлаларына жиі тап болуда. Бұл мәселе тек жекелеген адамдарды ғана емес, бүкіл қоғамды алаңдатуда. Жәбірленушілер қатарында әртүрлі жастағы және әлеуметтік мәртебесі әрқилы азаматтар бар. Сондықтан да қазақстандықтарды қуантқан жаңалық – 2026 жылдың басына дейін елімізде интернеттегі заңсыз контентті автоматты түрде анықтап, бұғаттайтын жасанды интеллект негізіндегі ақпараттық платформа жасалатыны туралы хабар болады, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Соңғы 5–7 жылда еліміздегі қылмыс құрылымы түбегейлі өзгерді. Бұл – жаһандық үрдіс, әрі пандемияның жанама салдарының бірі десе де болады. Коронавирустық шектеулер кезінде бүкіл әлем қашықтан жұмыс істеуге көшті – қылмыскерлер де солай істеді. Олар бұл форматты тез меңгеріп, виртуалды кеңістікте белсенді әрекет ете бастады. Қазір олардың басты нысанасы – нақты әмиян емес, виртуалды есепшоттар.
Әрине, пандемия бұл үрдіске тек қосымша серпін берді. Қылмыстың интернетке ауысуына видеобақылау жүйелерінің кең таралуы да себеп болды. Көшелер мен ғимараттарда орнатылған камералар кез келген құқық бұзушылықты цифрлық із қалдырып тіркейді. Сонымен қатар, интернет арқылы сауда жасау, қызмет көрсету және өзге де қарым-қатынастардың артуы да ықпал етті.
Мысалы, Қазақстанда ең көп таралған құқық бұзушылық – ұрлық еді. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің дерегінше, 2020 жылы елде 66864 ұрлық тіркелсе, 2018 жылы бұл көрсеткіш 180 мыңнан аса болған. Ал 2024 жылы бұл сан 30180-ге дейін төмендеген.
Сол сияқты, 2020–2024 жылдар аралығында бейнебақылау арқылы оңай анықталатын қылмыстар да азайған:
- адам өлтіру – 32,6 %-ға,
- тонау – 75,4 %-ға,
- қарақшылық шабуыл – 72 %-ға,
- бұзақылық – 72,5 %-ға қысқарған.
Ал, керісінше, интернет арқылы жүзеге асырылатын, анықтау қиын киберқылмыстар көбейіп отыр. Оның ішінде ең көп таралғаны – алаяқтық. 2020 жылы 31433 алаяқтық фактісі тіркелсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 43890-ға жеткен. Яғни, шамамен 40%-ға өсім бар.
Заң жүзінде ұрлық – бөтен мүлікті жасырын түрде иемдену (ҚР ҚК 188-бап), ал алаяқтық – бөтен мүлікке немесе оған құқыққа алдау не сенімді теріс пайдалану арқылы қол жеткізу (ҚР ҚК 190-бап) деп танылады. Қарапайым тілмен айтқанда, техникалық жағынан алғанда, ұрлық жасау қиындап барады, себебі, бәрін камералар бақылап отыр. Ал адамдарды қашықтан алдау – оңайырақ.
Алайда, бұл қылмыскерлерге оңай дегенді білдірмейді. Киберқылмыскер болу үшін алдыңғы қатарлы ІТ білімі, психологияны білу және заманауи техникамен жұмыс істей алу қажет. Олар бүгінде кеңселерде отырып, колл-орталықтар арқылы әрекет етеді, ең жаңа технологиялар мен психологиялық әдістерді қолданады. Сондықтан, бұл қылмыс түрімен күресу үшін жаңа тәсілдер қажет болып отыр.
Осыған байланысты 2025 жылғы 1 сәуірден бастап Қазақстанда Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасы күшіне енді. Құжатта нақты 55 қадамнан тұратын іс-шаралар жоспары қарастырылған. Соның ішінде 42-қадам тікелей интернеттегі алаяқтыққа қарсы күреске бағытталған. Онда былай делінген:
«Интернеттегі құқыққа қайшы контентті автоматты түрде анықтап, бұғаттайтын жасанды интеллект негізіндегі ақпараттық платформаны әзірлеу және енгізу».
Бұл бастаманың басты мақсаты – интернет-алаяқтарды тиімді түрде анықтап, әрекет ету мүмкіндігін арттыру.
Аталған «робот-полицейдің» дайындалуына және оны Қазнетте жүзеге асыруға жауапты органдар ретінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі белгіленген. Жоба 2026 жылдың ақпан айында іске қосылады деп күтілуде.