Қызыл жұлдызда жаңа амбулатория ашылды

0 213

Тараз маңындағы ауыл тұрғындарына арналған заманауи медициналық нысан өз жұмысын бастады, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласына қарасты Қызыл жұлдыз алқабында 50 келушіге арналған жаңа дәрігерлік амбулаторияның салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Бұл маңызды әлеуметтік нысан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының аясында бой көтерді.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс басшысы жаңа медициналық мекеменің ашылуы – тұрғындардың өмір сапасын арттырып, сапалы медициналық қызметке қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған қадам екенін атап өтті.

– Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында пайдалануға берілген бұл амбулатория – мемлекет тарапынан ауыл халқына көрсетіліп отырған нақты қамқорлықтың айғағы. Енді Қызыл жұлдыз тұрғындары алдын ала тексеруден өтіп, дер кезінде сапалы ем ала алады, – деді Ербол Қарашөкеев.

Толықтай медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған амбулатория 5 мыңға жуық адамға қызмет көрсетуге арналған. Мұнда алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен қатар, балалар мен ересектерге кеңес беру, диагностикалық тексеру, зертханалық қызметтер, скрининг және профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Сонымен қатар, психолог пен әлеуметтік қызметкердің де көмегі қарастырылған.

Ауыл тұрғыны, ардагер Тұрсынхан Нұрбаев бұл күнді ерекше қуанышпен қабылдағанын жеткізді:

– Қызыл жұлдыз алқабы бүгінде Тараз қаласының бір бөлігіне айналды. Көптен күткен медициналық мекеменің ашылуы – тұрғындар үшін үлкен қуаныш әрі денсаулық сақтау саласындағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Бұл – халқымыздың жарқын болашағына жасалған нақты қадам, – деді ардагер.

Айта кету керек, Жамбыл облысында 2024 жылы ұлттық жоба аясында 20 жаңа денсаулық сақтау нысаны ел игілігіне берілді. Алдағы уақытта тағы 4 нысанның құрылысы аяқталады. Сонымен қатар, өңірдегі медицина ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға 6 миллиард теңге қарастырылған.