Құмшағалда мәдениет үйі ашылды
Тараз қаласына қарасты Құмшағал тұрғын алқабында 140 орынды жаңа мәдениет үйі есігін айқара ашты. Ашылу салтанатына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, жергілікті халықты қуаныштарымен құттықтады, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
– Мәдениет – елдің рухани тірегі, өнер – ұлттың үні. Екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз – қазақ өркениетінің алтын бесігі. Бүгінгі мәдениет ошағы – сол рухани сабақтастықтың жалғасы, – деді өңір басшысы.
Жаңа нысан Құмшағал тұрғындары үшін үлкен рухани серпіліс болмақ. Мұнда балалар мен жасөспірімдерге арналған ән-би үйірмелері, кітапхана, оқу залы, мәжіліс залы және әкімшілік бөлмелер қарастырылған. Ғимараттың құрылысы өткен жылдың қарашасында басталып, биылғы тамызда толық аяқталды. Жобаны «Әль Мансұр» ЖШС 363 миллион теңгеге жүзеге асырған.
– Бұл – көптен күткен қуаныш. Әкімдер уәделерін орындап, ауылымызға еңселі мәдениет үйін сыйлады. Енді жас ұрпақ ұлттық мұрамен сусындап, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік алады, – деген ауыл ақсақалы Рахманбек Рысдәулетұлы ақ батасын берді.
Құмшағалда бүгінде 8 мыңға тарта халық тұрады. Жаңа мәдениет үйі – осы қауымдастықтың рухани өміріне тың серпін бермек.
Жалпы, биыл облысымызда 16 мәдениет нысанының құрылысына қаржы бөлініп, олардың бесеуі пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы алты нысан іске қосылады. Облыста 500-ден астам мәдениет мекемесі халыққа қызмет көрсетіп отыр. 2025 жылы бұл салаға 16,3 миллиард теңге бөлінген.
Облыс орталығы Таразда да руханият саласында іргелі жобалар жүзеге асырылуда. «Тараз» жастар театры, «Ежелгі бекініс» ғимараты және «Қолөнершілер үйі» хабында ұлттық құндылықтар дәріптеліп, өнер мен тарихты ұштастыратын бастамалар қолға алынған.
Құмшағалдағы жаңа мәдениет үйі – сол бастамалардың бір бөлшегі. Бұл – елдің ертеңіне салынған рухани инвестиция.