Қылмыстық кодекстен бірнеше бап алынып тасталады
Еліміздегі Қылмыстық кодекстен бірнеше бап алынып тасталмақ. Мәжіліс аталған мәселеге қатысты заң жобасын бірінші оқылымда қарады, — деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Мәжіліс экономикалық құқық бұзушылықтарды одан әрі қылмыстық сипаттан арылту және заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заң жобасы мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ілеспе түзетулерді Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады.
Түзетулерді депутаттар Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жолдауы мен экономиканы ырықтандыру шаралары туралы Жарлығын орындау мақсатымен әзірледі.
– Қылмыстық кодекстің екі бабы толығымен қылмыссыздандырылады. Ауыр қоғамдық қауіп төндірмейтін экономикалық сипаттағы қылмыстар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ауыстырылады, – деді депутат Абзал Құспан.
Олар:
1. Қылмыстық кодекстің 219-бабы – кредитті заңсыз алу немесе бюджеттік кредитті мақсатсыз пайдалану.
Құқық бұзушылықтың элементтері біртекті әрі ұрлық, оның ішінде алаяқтық түрінде болғандықтан, Қылмыстық кодекстің 189 және 190-баптары бойынша қарастырылады. Бұл ретте осыған ұқсас әрекет үшін жауапкершілік ӘҚБтК 233-бабында қарастырылған.
2. Қылмыстық кодекстің 241-бабы – бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнаманы бұзу.
ӘҚБтК-нің 239-бабының алтыншы бөлігіне ауыстырыла ма? Ол бойынша бүгінде тек заңды тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту қарастырылған. Түзетулерде жеке тұлғаларға арналған нормалар да енгізіледі.