Қылмысқа қарсы іс-қимыл – нақты нәтиже беруде
Жамбыл облысының прокуратура органдары азаматтардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге, кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғауға, қылмыстық істерді сотқа дейінгі тергеп-тексеруге, сондай-ақ құқықтық үдерістерді цифрландыруға ерекше назар аударып келеді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар нақты нәтижелер беруде, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Балалардың құқығын қорғау – басты міндеттің бірі. Мәселен, 2024 жылғы 2 қыркүйекте Байзақ аудандық прокуратурасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша кәмелетке толмаған балаларды асырауға алимент төлеуден әдейі жалтарған азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Ер адамда төлеу мүмкіндігі бола тұра, ол өз міндетін жеті жыл бойы орындамаған. 2018 жылдан бері жиналған қарыз сомасы 12,6 миллион теңгені құраған. Жамбыл облысының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен азамат кінәлі деп танылып, оған бір жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Прокуратура балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда және ата-аналарды өз міндеттерін ұмытпауға шақырады.
Осы тақырып аясында Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров пен облыстық балалар құқық қорғаушымен бірлесіп, Қордай ауданында балалардың қауіпсіздігі мен құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелерін талқылады. 2025 жылы кәмелетке толмағандарға қатысты жалпы қылмыстар мен жыныстық сипаттағы қылмыстар санының артқаны тіркелген. Алайда, бұл өсім құқықбұзушылықтарды анықтау деңгейінің жақсаруы нәтижесінде орын алып отыр. Анықтау жұмыстары арнайы облыстық комиссияның белсенді қызметінің арқасында жүйелі жүргізілуде.
Комиссия жергілікті уәкілетті және құқық қорғау органдарының алдын алу жұмыстарының әлсіздігін атап өтті. Сондай-ақ, құқықбұзушылықтар мен оларды жасауы мүмкін тұлғаларды қосымша есепке алу қажеттілігі көтерілді. Прокурорлар бірқатар фактілерді анықтады. Атап айтқанда, кейбір мектептер мен ювеналды полиция қызметкерлері жасөспірімдер тарапынан немесе оларға қатысты жасалған құқықбұзушылықтарды, сондай-ақ құқыққа қарсы бейімділігі бар жасөспірімдерді уақытылы есепке қоймаған. Бұл әрекетсіздік үшін уәкілетті органдар мен полиция басшыларының жауапкершілігі қаралып, кейбірінің лауазымынан босатылуы ұсынылды.
Аудан әкімдігіне полициямен бірлесіп, қиын жағдайдағы 59 баланы тәрбиелеп отырған 27 әлеуметтік осал отбасымен жүйелі алдын алу жұмыстарын күшейту тапсырылды.
***
Құқықтық мәдениетті көтеру мақсатында «Заң және тәртіп» идеологиялық жобасы аясында Қордай ауданында кәсіпкерлермен кездесу ұйымдастырылды. Өйткені, қазіргі таңда көптеген жасөспірімдер даяшы немесе сатушы болып жұмыс істейді. Кездесу барысында жұмыс берушілерге кәмелетке толмағандарды заңды түрде жұмысқа тарту талаптары түсіндірілді. Тиісті еңбек шартын жасау, еңбек кодексіндегі жұмыс уақыты мен демалыс тәртібін сақтау керектігі ескертілді.
Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров: «Жасөспірімдерді түрлі еңбек түрлеріне тарту олардың бос уақытын тиімді өткізуге, жауапкершілік пен дербестікке баулиды. Алайда, бұл олардың конституциялық құқықтарын бұзбай, заң аясында жүргізілуі тиіс», – деді.
Кездесу нәтижесінде ата-аналар мен кәсіпкерлер арасында он еңбек шарты жасалып, Қордай аудандық білім бөлімімен жастарды жұмыспен қамту жөнінде өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осындай жұмыстар Тараз қаласы мен барлық аудандарда жалғасуда.
***
Жалпы, облыстық прокуратура тарапынан бюджет қаржысын мақсатты әрі тиімді пайдалану бағытында да қадағалау жүргізілуде. Атап айтқанда, техникалық және кәсіптік білім беру саласына бөлінген 25,5 миллион теңге қаражатты ұрлау фактісі анықталды. №15 колледж басшылығы үш жыл бойы түзету мекемесінде оқиды деп көрсетілген, іс жүзінде сабаққа қатыспаған сотталғандарға жалған есеп арқылы заңсыз қаржы алып отырған. Осыған байланысты 2025 жылдың ақпан айында ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу ісі Жамбыл облысы бойынша экономикалық тергеу департаментіне жүктелді. Қылмыстық іс материалдары ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды.
Сондай-ақ, облыстық прокуратурада топтық қылмыстарға қарсы күрес және олардың алдын алу мәселесі бойынша алқа отырысы өтті. Жиында құқық қорғау органдарының есептері тыңдалып, ұйымдасқан қылмыс, мемлекеттік шекарадағы жемқорлық қылмыстар, есірткі айналымы және экономикалық қылмыстарға қарсы бағытталған жұмыстардың тиімділігі бағаланды.
Прокуратура бастамасымен құрылған арнайы жұмыс топтарының нәтижелі жұмысы атап өтілді. Атап айтқанда, Шу ауданында есірткі сату ісімен айналысқан қылмыстық топ құрықталып, сот үкімімен барлық қатысушылары жазаға тартылды. Сонымен қатар, ұзақ уақыт бойы бопсалаумен, есірткі тасымалымен, заңсыз қару сақтаумен және кәсіпкерлерді «қорғашылаумен» айналысқан тоғыз адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. 2025 жылдың қаңтар айында бұл топтың барлық мүшесі нақты мерзімге бас бостандығынан айырылды.
***
Бұдан бөлек, синтетикалық есірткі өндірісімен айналысқан, оны еліміздің бірнеше өңіріне жеткізу арнасын ұйымдастырған қылмыстық топтың әрекеті де әшкереленді.
Алқа отырысында топтық қылмыстардың алдын алу мәселесі де кеңінен қаралды. 2024 жылы мұндай құқықбұзушылықтар 9,6 пайызға өсіп (280-нен 307-ге дейін), ерекше назарға алынған. Осыған байланысты Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров өңірде қабылданған кешенді шаралардың тиімділігін атап өтті. Атап айтқанда, прокуратура бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Есірткісіз болашақ», «Қауіпсіз шекара» және «Қайталама құқықбұзушылықтың алдын алу» жобаларының нақты нәтижелері бар. Нәтижесінде 2025 жылдың алғашқы кезеңінде топпен жасалған қылмыстар саны 22,1 пайызға төмендеп, 113-тен 88-ге дейін азайды.
Алқа шешімімен құқық қорғау органдарына жасөспірімдер қылмысының алдын алу және өңірде құқықтық тәртіпті нығайту мақсатында бірлескен іс-қимыл алгоритмін әзірлеу тапсырылды.