Қорғаныс саласының өзекті мәселелері талқыланды
ҚР Қорғаныс министрінің экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Әскер Бейсенов жұмыс сапарымен Тараз гарнизонына келді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі. Сапар аясында ол Қорғаныс министрлігінің құрылымдық бөлімшелері өкілдерімен бірге гарнизон құрамындағы әскери бөлімдердің әскери қызметшілерімен кездесіп, қызмет пен әлеуметтік қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін талқылады.
Сапар барысындағы маңызды шаралардың бірі – Жамбыл облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде өткен әскери зейнеткерлермен кездесу болды.
Кездесуде Қорғаныс министрлігінің Зейнетақымен қамтамасыз ету орталығының бастығы, полковник Алмас Кораласов сөз сөйлеп, ардагерлер – Қазақстан армиясының ажырамас бөлігі екенін атап өтті. Ол әскери қызметтен босатылғаннан кейін де зейнеткерлер әскери-патриоттық жұмыстарда белсенділік танытып, өздерінің бай тәжірибесімен, білімімен жас ұрпаққа үлгі болып келе жатқанын айтты. Осы себепті Қорғаныс министрлігі ардагерлермен тұрақты байланысты үзбейтінін жеткізді.
Кездесу барысында әскери зейнеткерлерге зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар таныстырылды. Полковник Алмас Кораласовтың айтуынша, әскери қызметшілерді зейнетақымен қамтуға байланысты заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілуде.
– Жаңа өзгерістерге сәйкес, әскери қызмет мерзімі 25 жылдан кем болмауы және жеңілдікті есептеу тәртібі сақталған жағдайда, келісімшарт мерзімі аяқталған соң қызметтен босатылған әскери қызметшілерге еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы тағайындау құқығы қарастырылған, – деді полковник Кораласов. – Сонымен қатар, 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін алғаш рет қызметке кірген және 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін қызметтен босатылған әскери зейнеткерлер үшін зейнетақы мөлшерін индекстеу мәселесі де қарастырылған.
Бұдан бөлек, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы жұмыс тобы базалық зейнетақыны қайтару мәселесін де қарап жатыр. Бұл мәселе бойынша шешім қабылданған соң, оның нәтижесі зейнеткерлерге қосымша хабарланатын болады.
– Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындығына және күнделікті қызметтік мәселелерге назар аудара отырып, Қорғаныс министрлігі зейнет демалысына шыққан әскери ардагерлерді де назардан тыс қалдырмайды, – деп атап өтті экономика және қаржы жөніндегі вице-министр Әскер Бейсенов. – Ардагерлердің елдің қорғаныс қабілетін нығайту жолындағы еңбегі қашанда маңызды. Олар – жас сарбаздар үшін Отанға адал қызмет етудің үлгісі.