Қорғаныс министрі әскерді дамытудағы басым бағыттарды айқындады
Қарағанды гарнизонында Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың төрағалығымен Қорғаныс министрлігінің көшпелі алқа мәжілісі өтті. Жиын барысында 2024–2025 жылдардағы қысқы оқу кезеңінің қорытындылары шығарылып, жазғы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпарат агенттігінің тілшісі.
Мәжіліске Қорғаныс министрлігінің, Бас штабтың басшылық құрамы, Қарулы Күштердің түрлерінің бас қолбасшылары, әскер тектері мен өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің командирлері, сондай-ақ әскери оқу орындарының басшылары қатысты.
Қорғаныс ведомствосының басшысы қазіргі геосаяси ахуалдағы өзгерістерге ерекше назар аударды. Шетелдердің заманауи соғыс жүргізудегі тәжірибесін ескере отырып, Қазақстан армиясын даярлау бағытындағы басымдықтарды нақты белгіледі.
Алқа отырысында Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдиновтың жауынгерлік және мобилизациялық даярлықтың жай-күйі туралы, сондай-ақ министрдің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазыкбаевтың әскери тәртіп пен құқықтық тәртіптің деңгейі туралы баяндамалары тыңдалды.
Қорғаныс министрінің орынбасарлары мобилизациялық резервті даярлау, әскери міндеттілермен жиындарды жоспарлау, резервтегі қызмет жүйесін дамыту, әскери бөлімдерде жарғы тәртібін сақтау, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мәселелеріне ерекше көңіл бөлді.
Сонымен қатар, әскерді даярлау деңгейін арттыру, кадрлық әлеуетті дамыту, тылдық және техникалық қамтамасыз ету мәселелері де кеңінен талқыланды.
Жиын қорытындысында Қорғаныс министрі қолбасшылық құрамға нақты міндеттер жүктеді. Олардың қатарында – тактикалық барлау жүргізу бойынша тапсырмаларды пысықтайтын ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторларын даярлау, жауынгерлік және арнайы дайындық бойынша практикалық сабақтар өткізу, инженерлік-саперлік бөлімшелерді даярлау, қауіпсіздік шараларын күшейту, қарумен жұмыс істеу талаптарын қатаң сақтау және өзге де бағыттар бар.
Бұл – қазіргі заман талаптарына сай, кәсіби және жауынгерлік әлеуеті жоғары армия құру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.