Қордайда су үнемдеу бағытындағы ілкімді жобалар бар
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Қордай ауданына жұмыс сапарымен барып, өңірдің агроөнеркәсіп кешені, білім беру, денсаулық сақтау және ғылыми бағыттағы бірқатар маңызды нысандарды аралап шықты. Аймақ басшысы жобалардың жүзеге асу барысымен танысып, жергілікті тұрғындармен және шаруалармен кездесті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Сапар аясында Ербол Қарашөкеев ең алдымен Масаншы ауылындағы «GreenWill» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылыжай кешенінде болды. Жалпы аумағы 11 гектарды құрайтын нысанның 4 гектары қазіргі таңда өнім беріп тұрған жылыжайға арналған. Мұнда «Умагна F1» сұрыпты қызанақ пен қияр өсіріледі. Биылғы жылы кәсіпорын 300 тоннаға дейін өнім жинауды жоспарлап отыр. Жиналған өнімдер Қордай ауданындағы дүкендер мен сауда орындарына жеткізіледі. Қазіргі уақытта кәсіпорында 20 адам жұмыс істейді.
Сапар барысында облыс әкімі «Щенхо» шаруа қожалығының аумағында салынып жатқан 1000 басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңының құрылысымен де танысты. Аймақ басшысы бұл нысанның ет өндірісін ұлғайтудағы рөлін атап өтті.
Өтеген және Қайнар ауылдарында әкім «Таң» және «Азиз» шаруа қожалықтарының пияз және қант қызылшасы егілген алқаптарын аралады. Ал, Сарыбұлақ ауылындағы «Нөсер» шаруа қожалығы 250 гектар аумақта жүгері дақылына тамшылатып суару технологиясын енгізіп отыр.
Ауылшаруашылығы саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі – су тапшылығы. Шаруалармен кездесуде осы мәселе кеңінен талқыланды. Облыс әкімі аудан басшылығына су ресурстарын ұтымды басқару жөнінде кешенді тәсіл әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, ол тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларын енгізудің, ауылшаруашылығы процесін цифрландырудың маңыздылығына назар аударды.
Су үнемдеу бағытындағы ілкімді жобалар да бар. Мәселен, Қайнар ауылында жылдық қуаты 5 миллион текше метр болатын үш су сорғысы бар станса орнатылып, ұзындығы 8 шақырым болатын қысымды су құбыры іске қосылған. Бұл жүйе 3800 гектар егістік алқапты тұрақты және тиімді сумен қамтамасыз етуге жол ашты.
Жұмыс сапары барысында Ербол Қарашөкеев әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын да назардан тыс қалдырмады. Қаракемер ауылында 300 орынды «Жайлы мектептің» құрылысы толық аяқталып, жаңа оқу жылында пайдалануға берілмек. Ал, Қарасу ауылындағы дәл осындай мектептің құрылысы кестеден кешігуде. Аймақ басшысы жауапты мердігерлер мен басқарма өкілдеріне нысанды белгіленген мерзімде сапалы аяқтауды қатаң тапсырды. Әсіресе, абаттандыру және инженерлік желілерге қосу жұмыстары толық қамтылуы тиіс екенін ескертті.
Сортөбе ауылында облыс әкімі 200 адамға дейін қабылдай алатын жаңа амбулаторияның жұмысымен танысты. Медициналық нысанның ашылуы ауыл тұрғындары үшін қолжетімді әрі сапалы медициналық қызметтің көрсеткішін арттырмақ.
Сапар соңында Ербол Қарашөкеев Гвардейск қалашығындағы «OtarBioPharm» биофармацевтикалық зауытында болып, Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының мамандарымен кездесті. Ғалымдар вакцинология, биоқорғаныс және биотехнология бағыттарындағы соңғы ғылыми жетістіктерімен бөлісті. Аймақ басшысы ғылым мен өндірістің үйлесімді байланысы ел қауіпсіздігі мен денсаулық сақтау жүйесінің басты тірегі екенін атап өтті.
Жұмыс сапарының қорытындысында облыс әкімі Қордай ауданындағы даму қарқынын одан әрі күшейту қажеттігін айта келіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.