Қордайда спорт алаңдары көбейіп келеді

0 92

Қордай ауданында бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жұмыстар қарқын алып келеді. Жуырда Қордай ауылында екі бірдей жаңа шағын футбол алаңы пайдалануға берілді. Заманауи талаптарға сай жабдықталған спорт нысандары «Самал» шағынауданы мен «Жібек жолы» көшесінің бойында орналасқан, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Аталған жобалар аудан тұрғындарының ұсыныстары негізінде әзірленіп, мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылды. Қысқа мерзім ішінде жүзеге асқан бұл жұмыстар жергілікті халықтың игілігіне арналды. Алаңдардың ашылу салтанатына аудандық мәслихат төрағасы Нұржан Садықов, Қордай ауылдық округінің әкімі Әсет Қаспақбаев, ақсақалдар кеңесінің мүшелері және ауыл тұрғындары қатысты.

Салтанатты жиында ел Президентінің тапсырмасына сай ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамыту бағытында нақты істер қолға алынғаны атап өтілді. Бұл жұмыстар жастардың бос уақытын тиімді өткізуге, тұрғындардың саламатты өмір салтын ұстануына үлкен септігін тигізбек.

Айта кету керек, алдағы күндері Қордай ауылындағы «Батыс» шағынауданында тағы бір футбол алаңы пайдалануға берілмек. Бұл – аудандағы спорт инфрақұрылымының жүйелі түрде дамып келе жатқанын айғақтайды.

2025 жылдың басынан бері Қордай ауданына қарасты Көгадыр, Көктөбе, Сарыбастау, Сортөбе және Ауқатты ауылдарында бірнеше кіші футбол және стритворкаут алаңы ашылып, халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Барлық жобалар да мемлекеттік қаржыландыру есебінен жүзеге асырылуда.

Жүргізілген жұмыстар нәтижесін беріп те үлгерген. Қазіргі таңда Қордай ауданында спортпен жүйелі түрде айналысатын тұрғындардың үлесі 41 пайызға артқан. Бұл – бұқаралық спортты дамытуға бағытталған игі бастамалардың өміршеңдігін көрсетеді.

Жергілікті әкімдік алдағы уақытта да ауыл-аймақтарда спорт алаңдарын көбейтуді көздеп отыр. Өйткені спорт – ұлт саулығы мен ұрпақ болашағының кепілі.