Қордайда қылмысқа қарсы іс-шаралар күшейтілуде

0 31

Қордай ауданында Жамбыл облысы прокурорының орынбасары Б.Мұхамеджанның қатысуымен «Заң мен тәртіп» қағидатын дәріптеу аясында мекемеаралық мәжіліс өтті. Кездесу барысында аудан аумағындағы қылмыстық ахуал талқыланып, оның алдын алу шараларын күшейту мәселелері қаралды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Прокуратура мәліметтері бойынша, жыл басынан бері тіркелген қылмыстардың ішінде зорлық-зомбылық, жасөспірімдер қылмысы, жол-көлік оқиғалары және интернет-алаяқтық қылмыстарының өсуі айқын байқалады. Сарапшылар бұл жағдайға әлеуметтік факторлар, құқықтық сауатсыздық және онлайн алаяқтықтың артуы әсер етіп отырғанын атап өтті.

Мәжіліс қорытындысы бойынша, профилактикалық іс-шараларды тиімділігін арттыру, қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында полицияның патрульдеу жұмыстарын күшейту, білім беру ұйымдарында құқықтық түсіндіру жұмыстарын кеңейту және әлеуметтік тәуекел топтарымен жеке профилактиканы жетілдіру міндеттелді.

Б.Мұхамеджанның айтуынша, қылмыстың алдын алу тек құқық қорғау органдарының міндеті ғана емес, қоғамның барлығын қамтитын ортақ іс-шара. Ол әсіресе, жасөспірімдер мен жастарға құқықтық мәдениетті дамытуға басымдық берілетінін атап өтті.

Аудан әкімдігі мен құқық қорғау органдары тұрғындармен тығыз жұмыс жүргізуді, қауіпсіздікті қамтамасыз етуді және құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша жүйелі шараларды жалғастыра беретінін хабарлады.