Қордайда мал шаруашылығы қарқын алып келеді
Қордай ауданы ауылшаруашылығы саласында айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізіп келеді. Әсіресе, мал шаруашылығы – өңір экономикасының тірек саласына айналып отыр. Табиғи жайылымдардың молдығы мен қолайлы климаттық жағдай бұл бағыттың тұрақты дамуына айрықша серпін беруде, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
2024 жылдың қорытындысы бойынша аудан бойынша ауылшаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 33,4 миллиард теңгеге жетіп, соның басым бөлігін мал шаруашылығы құрап отыр. Бұл – қыруар қажыр мен тынымсыз еңбектің, сондай-ақ жүйелі мемлекеттік қолдаудың нәтижесі екені сөзсіз.
Аудан басшылығы бұл салаға инвестиция тарту ісіне де ерекше мән беруде. Мәселен, биылғы жылы ғана 2,5 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, 8 ірі жоба іске қосылған. Бұл көрсеткіш – Қордайдағы агроөнеркәсіп кешенінің дамуы жаңа деңгейге көтерілгенін білдіреді.
Бүгінде аудан бойынша мал төлдету науқаны қарқын алған. Қора-қопсыда тіршілік қайнап, қой қоздап, жылқы құлындап, шаруалар қауырт еңбек үстінде. Осындай қызу кезеңде Ноғайбай ауылындағы «Мұхамбет» шаруа қожалығы үлгілі тірлігімен көпке өнеге болып отыр.
Қожалықтың ісін ұйымдастырып жүрген азамат – Амантай Даниярұлы. Еңбегімен елге танылған ол ауылшаруашылығын дамыту – елдік мүдде деп есептейді. Қожалықты Жамбыл Жүнісқұлов басқарады. Қазіргі таңда қожалықта 420 бас саулық қой бар. Шаруалар «әр 100 саулықтан 100 қозы алуға толық мүмкіндік бар» деп сенімді пікір білдіруде.
«Мұхамбет» қожалығының еңбеккерлері мал төлдету жұмыстарын жоспарлы түрде, ветеринарлық талаптарға сай жүргізуде. Олар өз кезегінде аудан әкімдігіне, ауылшаруашылығы бөлімі мен ветеринария мамандарына көрсетіп отырған қолдау үшін зор алғыстарын жеткізуде.
Аудан бойынша мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда Қордайда 417479 бас қой тіркелген. Соның ішінде 150626 бас саулық мал төлдету науқанына қатысуда. Өткен жылы әр 100 саулықтан орта есеппен 72 қозы алынған болса, биыл қыстың жұмсақтығына байланысты бұл көрсеткіштің өсетіні күтілуде.
Қордайлық шаруалар – егіннің де, малдың да қадірін терең білетін, еңбекпен шыңдалған жандар. Төл кәсібіне адалдық танытып, атакәсіпті заманауи тәсілдермен ұштастырып отырған ауыл еңбеккерлері мал басын көбейтумен қатар, өнім сапасын жақсартуға да ден қоюда. Бұл өз кезегінде өңірдің азық-түлік қауіпсіздігіне, тұрғындардың табысы мен тұрмыс сапасына оң әсерін тигізері анық.