Қордайда асыл тұқымды қошқарлардың республикалық көрме-сайысы өтті

0 36

Қордай ауданының орталық стадионында аудан әкімдігінің қолдауымен асыл тұқымды қой мен қошқарлардың республикалық көрме-сайысы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ауқымды іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын шаруашылықтар қатысты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Көрме-сайыстың салтанатты ашылуында Қордай ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов құттықтау сөз сөйлеп, қой шаруашылығын дамыту жолында аянбай еңбек етіп жүрген шаруаларға алғысын білдірді. Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі және ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартудағы маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, іс-шара барысында аудан әкімі Бегзат Болатбековтің атынан үздік шаруа қожалықтарына Алғысхаттар табыс етілді. Еңбегімен ерекшеленген шаруаларды аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов та марапаттады.

Биылғы көрме жаңаша форматта өткізіліп, бағалау баллдық жүйе арқылы жүргізілді. Қатысушылардың малдары салмағы, сыртқы бейнесі және басқа да талаптарға сай бағаланды. Атап айтқанда, қой-қошқарларға қойылған талаптар мынадай болды:
• Ұрғашы тоқтылар (қозы тіс, 2 тіс) — 80 кг және одан жоғары;
• Саулықтар — 110 кг және одан жоғары;
• Сүт тіс қошқарлар — 110 кг және одан жоғары;
• 2 тіс қошқарлар — 120 кг және одан жоғары;
• 4 тіс қошқарлар — 140 кг және одан жоғары;
• 6 тіс қошқарлар — 150 кг және одан жоғары;
• 8 тіс қошқарлар — 160 кг және одан жоғары болуы керек.

Сонымен қатар, көрмеде “Ең сәнді қой” номинациясы бойынша да үздіктер анықталып, ерекше қошқарлар мен қойлардың иелері марапатталды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталып, бас жүлде иегеріне “Нива” автокөлігі берілді.

Іс-шара аясында ұлттық спорт түрлерінен — қошқар көтеру және бұқа тартыс сайыстары ұйымдастырылып, үздік қатысушылар марапатқа ие болды.

Көрменің айрықша ерекшелігі түрлі ұлт өкілдерінің белсенді қатысуы болды. Олар қазақ халқының дәстүрлі кәсібі — қой шаруашылығына құрмет көрсетіп, бірлік пен ынтымақтың жарқын үлгісін танытты. Сөйтіп, бұл іс-шара еліміздегі этностар арасындағы достық пен өзара түсіністіктің көрінісіне айналды.