Қазақстанда сұйытылған газ бағасы қымбаттады
Энергетика министрлігі бір тонна сұйытылған мұнай газының шекті көтерме бағасы 45 158 теңгеге жеткенін хабарлады. Бұрын аталған көлемнің құны 40 320 теңгені құраған, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Сұйытылған мұнай газының бөлшек саудадағы шекті бағасы өңірге қарай литріне 5-8 теңгеге дейін қымбаттады.
Астанада және Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Абай, Жетісу, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстарында сұйытылған газдың литрі 76 теңгеден 84 теңгеге өсті. Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан облысы және Шымкентте — 64 теңгеден 79 теңгеге, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарында 54 теңгеден 59 теңгеге қымбаттады. Алматы қаласында, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында 81 теңгеден 89 теңгеге өзгерген.
Жамбыл облысында – литріне 78 теңге (71 теңге), Павлодар облысында 81 теңге (74 теңге) болды.
«Салыстырмалы түрде Ресейде бір литр газдың бағасы — 132 теңге, Әзербайжанда — 171 теңге, Тәжікстанда — 273 теңге. Сарапшылардың болжамынша, 2024 жылы ішкі нарықта тұтыну көлемі тағы 200 мың тоннаға артып, 2,4 млн тоннаға жетеді. Бұл ретте газ тапшылығы 30-40%-ды құрауы мүмкін», делінген министрлік хабарламасында.
Ведомоство баға көтерілуінің бірнеше себебін атады:
— сұйытылған мұнай газының бағасы оны өндіру құнынан әлдеқайда төмен;
— ТМД аумағында тұтыну күрт өскен;
— ТМД-да зауыттар өндіріске деген қызығушылығын жоғалтып жатыр;
— Қазақстанда ТМД-дағы ең төмен бағалардың бірі тіркелген.