Қазақстан Журналистер одағының 6000-ыншы мүшесі — Жамбылда

0 108

Қазақстан журналистерінің 1959 жылы өткен 1-съезінде негізі қаланған Қазақстан Журналистер одағы қазақ журналистикасының қарашаңырағы саналады. Жақында осы одақтың облыстық филиалының ұйымдастыруымен Ш.Мұртаза атындағы «Баспасөз үйінде» Қазақстан Журналистер одағына жамбылдық жаңа мүшелерді қабылдау салтанаты өтті, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Ұлттық баспасөз күнімен тұспа-тұс келген іс-шараны ашқан филиал төрағасы, облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов:

– Біз бүгін ұлт мүддесі жолында қаламын қару еткен, журналистика саласының қазанында қайнауға ниетті бірқатар жасты үлкен одақтың мүшелігіне қабылдағалы отырмыз. Бұл – сала маманы үшін үлкен абырой, биік мәртебе. Тілшілік тіршілік жанқиярлық еңбекті, ұдайы ізденісті тіпті, соның жолында таңды таңға соғуды талап етеді. Журналист үшін әрбір оқырманның, тыңдарманның ыстық ықыласынан артық үлкен марапат жоқ, – дей келе одақ құрамына мүшелікке қабылданған Әйгерім Отарбаеваға, Сапар-Жамал Оразбековаға, Қанат Күзбергенге, Нұрдәулет Мұсаға, Назерке Тазабаеваға және Кирилл Бердецкийге куәлік пен арнайы төсбелгіні және естелік сыйлықты табыстады.

Бұл орайда «Taraz24» телеарнасы директорының орынбасары Әйгерім Отарбаеваның республика бойынша одақтың 6000-шы мүшесі болып қабылданғанын айта кеткен жөн.

Іс-шарада ардагер журналист Қуаныш Иембердиев, «Aulieata-media» серіктестігінің Бас директоры Данияр Асқарұлы, «Jambyl» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева және «Taraz24» телеарнасының директоры Зарина Қуаттегі жас журналистерді беделді ұйымға мүше болуларымен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.