Қазақстан Қытайға бидай экспортын ұлғайтты

0 180

Үкімет отырысында Қазақстанның астық бойынша экспорттық әлеуетін ҚР сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев баяндады, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі. 

Қазақстанның астық бойынша экспорттық әлеуеті 12 миллион тоннаға бағаланып отыр. Оның 7,5 миллион тоннасы бидайға, 1,4 миллион тоннасы арпаға, 300 мың тоннасы жүгеріге тиесілі. Майлы дақылдар бойынша әлеует 1 миллион тоннадан асады.

«Қазақстан Орталық Азия елдері мен Ауғанстан нарығына  астық жеткізуді жалғастырады.  Бұл шамамен 4,2 миллион тонна. Жалпы, Қытайға астық экспорты 2023 жылы 1,43 миллион тоннаны құрап, жылына 5,5 есе өсім көрсетті», деді Қайрат Төребаев.

Сондай-ақ, вице-министр Қытайға бидай экспорты өткен жылғы көрсеткіштен 15 есе артқанын атап өтті. 2023 жылы Қытайға жөнелтілген бидай 538,8 мың тоннаны құраған.

«Бұл Қытай мен Азия елдеріне 1,6 миллион тоннаға дейін бидай жеткізу мүмкіндігі бар екенін көрсетеді. Қытай органдарының талаптарына байланысты шекарада кідіріс мәселесін, сондай-ақ Қытайдағы біздің елдің астық импортына лицензиялар мен квоталар сияқты күрделі шарттарды пысықтау маңызды», деді Қайрат Төребаев.

Спикер жаһандық сұраныстың артуы және бірқатар елде өнімділіктің төмендеуіне Италия, Латвия, Испания сияқты Еуропалық Одақ елдерінің нарығын да қамту мүмкіндігін де қарастыру ұтымды болатынын ескертті.