Қазақстан Қарулы Күштерінде жауынгерлік дайындық апталығы басталды

0 209

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде жауынгерлік дайындық апталығы басталды. Бұл туралы «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі хабарлайды.

Аталған кезеңде еліміздің әскери құрамалары мен бөлімдері жеке құрам мен бөлімшелердің жоғары деңгейдегі жауынгерлік дайындыққа келтірілу тәртібін пысықтап жатыр. Сонымен қатар, белгі берілген жағдайда басқару органдарының өзара іс-қимыл жасау деңгейі мен хабарландыру жүйесінің тиімділігі тексерілуде.

Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жанғұлиннің айтуынша, оқу-жаттығуларды сапалы өткізу үшін барлық жағдай жасалған.

– Әскери техника мен қару-жарақ толықтай жауынгерлік қолданысқа әзір күйге келтірілді. Радиотехникалық бөлімшелер мен зениттік-зымырандық кешендердің есептоптары күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді. Әскери авиацияның бір бөлігі жедел аэродромдарға ауыстырылып жатыр. Сонымен қатар, әскери-теңіз күштерінің экипаждары мен жағалау бөлімшелері порттар мен кеме тұрақтарында қарсыбарлау қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, – деді ресми өкіл.

Аталған іс-шаралар Қарулы Күштердің өздеріне жүктелген міндеттерді орындауға дайындық деңгейін арттыруға, әскери қызметшілердің кәсіби шеберлігін одан әрі дамытуға бағытталған.