Қазақстан агросаласына 3,3 триллион теңге инвестиция тартылады

0 6

Астанада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ауылшаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, бұл салада ірі жобаларды іске асыру мен шетелдік серіктестермен ынтымақтастық орнату аясында нақты нәтижелерге қол жеткізілуде, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттықт агенттігі.

2025 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша, ауылшаруашылығы саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 213 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18 пайызға артты. Оның ішінде ауыл және балық шаруашылығына 164,2 миллиард теңге бағытталып (өсім 15 пайыз), тамақ өнімдерін өңдеуге 48,7 миллиард теңге инвестицияланған (өсім 29 пайыз).

Министрлік әкімдіктермен бірлесе отырып 2025–2027 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешеннің инвестициялық жобалар картасын әзірледі. Бұл құжат аясында жалпы құны 3,3 триллион теңге болатын 677 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. 2025 жылы 282 жобаға 611,2 миллиард теңге, 2026 жылы 267 жобаға 1,1 триллион теңге, ал 2027 жылы 128 жобаға 1,5 триллион теңге қарастырылған. Инвестиция бағыттарының басым бөлігі қайта өңдеу саласына (1,478 триллион теңге), суару инфрақұрылымын дамытуға (216 миллиард теңге) және мал шаруашылығын қолдауға (194,6 миллиард теңге) тиесілі.

Сонымен қатар, ауылшаруашылығы өнімдерінің ішкі нарығын тұрақтандыру және сүт өндірісін дамыту мақсатында жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы іске қосылған. 2023 жылы 100 миллиард теңгеге 69 сүт-тауар фермасы қаржыландырылып, 2024 жылы тағы 96 жобаға қолдау көрсетілді. Биыл жалпы сомасы 200 миллиард теңгеге 141 жобаны қаржыландыру жоспарланған. Қазіргі таңда олардың 71-і бойынша жобалық-сметалық құжаттама мен сараптама дайын.

2025 жылы іске асыру жоспарланған маңызды жобалардың қатарында Түркістан облысындағы қуаты жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдейтін «КАЗКРАХМАЛ» ЖШС зауыты (35 миллиард теңге), Абай облысындағы «ALTAI MAI» май зауыты (жылына 169 мың тонна, 26,4 миллиард теңге), Жамбыл облысындағы «Алель Агро» АҚ құс фабрикасы (25 мың тонна, 13,8 миллиард теңге), Атырау облысындағы «ATYRAU CHICKEN» ЖШС бройлер фабрикасы (5 мың тонна, 9,9 миллиард теңге), сондай-ақ Ақтөбе облысындағы «KazFeltec» ЖШС жүн өңдеу зауыты (5 миллиард теңге) бар.

Бүгінде Қазақстан екі ірі халықаралық инвестициялық келісімге қол қойған. Атап айтқанда, түркиялық «ALSERA» компаниясымен Шымкент қаласында құны 650 миллион АҚШ долларына бағаланған жылыжай кешенін салу туралы және Біріккен Араб Әмірліктерінің «QazaqArab Sugar» компаниясымен Алматы облысында 580 миллион АҚШ долларына қант зауытын салу туралы келісім жасалды.

Бұдан бөлек, Қытай, АҚШ, Түркия, Венгрия, Дания, Польша және Иордания елдерінің компанияларымен тағы 8 жоба бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Олардың қатарында Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеу зауытын салуды көздейтін Fufeng Group, Алматы облысында тіскебасар өнім шығаратын PepsiCo зауыты, UBM Group-тың үш құрамажем және бір премикс зауыты, Ақмола облысындағы Dalian Hesheng Holdings астық өңдеу жобасы, Астанада Tiryaki Holding-тің астық пен бұршақ дақылдары бойынша агроөнеркәсіптік кешен құру жобасы, Carlsberg Group-тың алкогольсіз сусындар өндірісі, Шымкенттегі Fabe Agro жылыжай кешені және Алматы облысында AL JAZEERA AGRICULTURE COMPANY мен «АйтасКЗ» ЖШС бірлескен құс фабрикасы бар.

Ұлттық банк деректеріне сәйкес, 2024 жылдың өзінде ауыл, орман және балық шаруашылығына тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 26,1 миллион АҚШ долларына жетті. Вице-министр Ермек Кенжеханұлының айтуынша, инвестиция тарту жұмыстары алдағы уақытта да мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар және халықаралық серіктестермен тығыз үйлестікте жалғасатын болады. Бұл Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің тиімді әрі орнықты дамуына берік негіз қалайды.