Қазақ сарбазы АҚШ-та өткен «Best Warrior» байқауында рекорд орнатты

0 64

АҚШ-тың Аризона штатындағы Кемп Навахо әскери базасында өтіп жатқан «Best Warrior» атты жыл сайынғы әскери байқауда Қазақстан Қарулы Күштерінің сарбазы рекорд орнатты, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Биылғы жарысқа Қазақстан атынан әскери бөлім «54835-А» батальонының 3-сынып сержанты Дархан Аслан және «18404» әскери бөлімінің 3-сынып гвардия сержанты Рауан Тохтарбеков қатысуда. Екеуі де өткен жылы ел ішіндегі кәсіби шеберлік байқауында жүлдегер атанған болатын.

18 мамырға дейін жалғасатын бұл додаға АҚШ-тың жеті штатынан, сондай-ақ Фиджи, Гуам, Тонга және Филиппин елдерінен келген әскери қызметшілер қатысуда. Аризона штатының Ұлттық гвардиясы жыл сайын өткізетін «Best Warrior» байқауы сержанттар арасындағы шеберлікті анықтауға бағытталған.

Сайыс армиялық фитнес тесттен бастап, жауынгерлік дайындық нормативтері, түнгі кезекшілік, топографиялық картамен жұмыс, азимут бойынша қозғалыс, патрульдеу, тактикалық медицина, «М-240В» пулеметі, «М-4» автоматы және «М-17» тапаншасынан атудан бастап, 12 келі жүкпен 22 шақырымдық марш-бросокқа дейінгі кешенді кезеңдерді қамтиды.

Қатысушылар америкалық әскери техника мен қару-жарақ үлгілерімен тапсырмаларды орындағанына қарамастан, қазақстандық сарбаздар жоғары нәтиже көрсетуде. Атап айтқанда, 3-сынып сержант Дархан Аслан 800 метрге жүгіру кезеңінде 2 минут 5 секунд нәтиже көрсетіп, Аризона штаты Ұлттық гвардиясы ұйымдастырған байқау тарихындағы жаңа рекордты тіркеді.

Бұл – Қазақстан Қарулы Күштері сержанттарының халықаралық деңгейдегі бәсекеде де өз кәсіби даярлығымен ерекшелене алатынын дәлелдейтін жарқын мысал.